ISSAI ғылыми қызметкері Жанна Махатаева Microsoft Research PhD Fellowship стипендиясына ие болды. Microsoft Research PhD стипендиясы – есептеу техникасы саласындағы дарынды PhD студенттеріне арналған ғаламдық бағдарлама. Стипендия иегерлеріне докторлық зерттеу жұмыстарын аяқтау үшін 15000 АҚШ доллары беріледі, сонымен қатар Microsoft корпорациясында 12 апталық ақылы тағылымдама ұсынылады. Осы жылы стипендия Стэнфорд университеті, Цинхуа университеті, Принстон Университеті, Иллинойс Урбана-Шампейн университеті, Оксфорд Университеті және Вейцман ғылым институты сияқты әлемнің ең үздік университеттерінің 49 студентіне ғана берілді. Қазақстаннан бұл стипендияны алғашқы рет алған Жанат болып есептеледі.
Жанат – Назарбаев Университетінің (НУ) инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде үшінші курстың PhD студенті. Оның ғылыми жетекшісі Профессор Хусейн Атакан Варол.
Жанат өзінің зерттеулерін ARMS зертханаларында және ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтында (ISSAI) жүргізеді. Оның жұмысы кеңейтілген шындық (AR) және жасанды интеллект арқылы адамның есте сақтау қабілеті мен қабылдауын жақсартуға бағытталған. Осы зерттеудің нәтижелері адамдарға, әсіресе деменция немесе Альцгеймер ауруы бар науқастарға, көмек көрсету жүйелерінде үлкен жетістіктерге әкелуі мүмкін.
Қазіргі уақытта Жанат Microsoft HoloLens көмегімен жадты ұлғайту жүйесін дамытуда, онда ол AR ортасында объектілерді тану және пайдаланушылардың орналасқан жерін анықтау үшін компьютерлік көру алгоритмдерін қолданады. Microsoft қолдауымен Жанат өзінің зерттеулерін кеңейтуге және қабылдауға байланысты когнитивтік бұзылыстардан ауратын адамдар үшін қолдау жүйелерін дамытуға ниетті.
“Microsoft стипендиясы зерттеуші ретінде менің кәсіби дамуымды едәуір арттырады. Бұл маған басқалардан үйренуге және өз зерттеулерімді халықаралық зерттеу қауымдастығымен бөлісуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі НУ-те керемет зерттеу ортасы, тәлімгерлік және білім беру арқылы мүмкін болды”, – дейді Жанат.
Жанаттың ғылыми жұмыстарының әлемдегі технологиялық алыптардың бірі ретінде танылуы, Назарбаев Университетінде ISSAI жүргізген зерттеулердің жоғары сапасының тағы бір дәлелі болып табылады.