Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) — Қазақстандағы жетекші зерттеу университеті — Nazarbayev University жанындағы ғылыми-зерттеу институты. Nazarbayev University Times Higher Education World University Rankings рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында 376–400 диапазонында орналасқан, Орталық Азия мен Кавказ университеттері арасында 1-орында, сондай-ақ Times Higher Education рейтингінде ТМД университеттері арасында 1-орында тұр.

2019 жылғы қыркүйекте құрылған ISSAI жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді, инновациялар мен технологиялық дамуды ілгерілететін ұлттық ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі болып табылады. Nazarbayev University базасында орналасқан Институт интеллектуалды технологиялар саласында пәнаралық зерттеулер жүргізіп, өнеркәсіп, мемлекеттік сектор және қоғам алдында тұрған өзекті міндеттерді шешуге бағытталған технологиялар мен инновациялық шешімдер әзірлейді.

Бүгінде ISSAI ChatGPT және DeepSeek секілді әлемдегі жетекші жүйелермен салыстыруға болатын заманауи генеративті модельдер мен жасанды интеллект шешімдерінің жеке экожүйесін қалыптастырып келеді. Институт әзірлеген шешімдердің қатарында Oylan, TilSync, MangiSoz, ISSAI Voice Studio және Qupia бар. Бұл — көптілді мәтінді түсіну және генерациялау, сөйлеу мен визуалды ақпаратты өңдеу бағыттарына арналған жасанды интеллект жүйелері. Институттың маңызды басымдықтарының бірі — қазақ тіліне арналған технологияларды дамыту және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, нақты қажеттіліктерге жауап беретін шешімдер әзірлеу.

ISSAI іргелі зерттеулерді, қолданбалы әзірлемелерді және халықаралық ынтымақтастықты бір арнаға тоғыстырып, академиялық орта, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Институт зерттеушілері жасанды интеллекттің іргелі және қолданбалы бағыттарын дамытып, өз зерттеулерінің нәтижелерін халықаралық деңгейде мойындалған рецензияланатын ғылыми журналдар мен конференцияларда тұрақты түрде жариялап келеді.

Бүгінгі таңда ISSAI зерттеушілері жасанды интеллекттің түрлі бағыттарын қамтитын 150-ден астам ғылыми жарияланым дайындады. Бұл еңбектер халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалып, кең ауқымды зерттеу бағыттары бойынша дәйексөз келтіру көрсеткіштеріне ие болды.

Біздің миссиямыз

ISSAI миссиясы — әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект зерттеулерін дамыту, тиімді әрі сұранысқа ие ЖИ-технологияларды әзірлеу, ғылыми әлеуетті арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы Қазақстанның цифрлық трансформациясы мен тұрақты дамуына үлес қосу.

Біздің мақсатымыз

Біздің мақсатымыз — мықты ғылыми-зерттеу экожүйесін қалыптастыру, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті ЖИ-модельдерді әзірлеу, жасанды интеллект саласында зерттеушілер мен инженерлердің жаңа буынын даярлау, сондай-ақ қоғам, өнеркәсіп және мемлекеттік сектор алдында тұрған өзекті міндеттерді шешуге бағытталған технологиялық шешімдер әзірлеу арқылы Қазақстанды жасанды интеллект саласындағы өңірлік көшбасшы ретінде орнықтыру.