Азамат Ешмұхаметов – Назарбаев Университетінің ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (АЖЖИИ) постдокторанты және ғылыми қызметкері. Азамат жуырда өткен Abai TV телеарнасындағы «Сана» бағдарламасының қонағы болды. Бағдарламаның негізгі тақырыбы Қазақстан ғылымының дамуына арналды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылыми жобалар мен бағдарламалар басқармасының басшысы Жайық Тоқтаров, Назарбаев Университетінің постдокторанты және ғылыми қызметкері Шолпан Тазабек, сондай-ақ National Geographic журналының аударма редакторы Нұржауған Мұқанова сынды сарапшылар ғылым саласының жетістіктері мен даму потенциалына назар аудара отырып,саланың өзекті мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды.
Болашақ ұрпақты ғылым арқылы саналы тәрбиелеу тақырыбына аса көңіл бөлінді. Жайық Тоқтаров қазіргі уақытта Қазақстан ғалымдарын әлемдік аренада жоғары бағаланатын ғалымдар арасынан жиі көруге болатынын және олардың әлемге қажетті идеяларды беріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Азамат Ешмұхаметов Web of Science және Scopus сынды журналдардағы біздің ғалымдардың мақалалар саны мен сапасы қазіргі уақытта он жыл бұрынғы нәтижелермен салыстырғанда бірнеше есе артқанын баса айтты. Оның айтуынша, қазақстандық ғылымның осал тұсы – ақпараттық қолдау мен насихаттың аздығы. Сол себептен жастардың ғылымға деген қызығушылығы төмен. Егер мектеп қабырғасынан ғылымның маңыздылығы мен ашылатын мүмкіндіктері туралы дұрыс ақпарат берілсе, елімізде ғылым өте жоғарғы деңгейде болатынына толық сенімді Азамат Ешмұхаметов.
Жалпы, бағдарлама сарапшылардың пікірі бойынша өте қызықты әрі мазмұнды болып шықты. Толық эпизодты YouTube платформасынан көре аласыздар.