Жаңалықтар

cover

12 желтоқсан 2024 ж.

ISSAI-дың KAZ-LLM моделі Қазақстан Президентіне таныстырылды

2024 жылғы 11 желтоқсанда Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырған AI Demo Day шарасына қатысып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ISSAI KAZ-LLM – қазақ тіліндегі ірі тілдік моделін ұсынды.

ISSAI-дың бас директоры, профессор Атақан Варол және атқарушы директор Ербол Абсалямов моделді Президентке таныстыру құрметіне ие болды.

Елдің көптілділігі мен көпмәдениеттілігіне бейімделген ISSAI KAZ-LLM қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қолдайды, сонымен қатар түрік тілінде де қосымша мүмкіндіктерге ие. Бұл модель тілдік кедергілерді жоюға көпір болып, шектеулі ресурстары бар тілдерде генеративті жасанды интеллектті дамытуға арналған маңызды құралға айналды.

ISSAI командасы 150 миллиардтан астам токенді (сөздерді) жинап, өңдеп, синтездеп, аударма жасады, бұл модельдің жоғары тілдік өнімділігін қамтамасыз етті. Модельді оқыту 2024 жылдың сәуір айында басталып, бес айға созылды. Оның нәтижесі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әлемдік жетекші жасанды интеллект әзірлемелерімен салыстырылатын деңгейге жетті. Оқытуға қажетті деректер тек ашық ақпарат көздерінен, соның ішінде қазақстандық веб-сайттар, жаңалықтар, мақалалары және онлайн кітапханалардан алынды, сондай-ақ түрлі ұйымдардың үлестері қосылды.

ISSAI KAZ-LLM моделі қазақстандық IT-мамандар үшін бірегей тәжірибе, бұл елдің жасанды интеллект саласындағы ұлттық мүмкіндіктерін нығайтады. Қазақ зерттеушілері барлық кезеңдерге – деректерді дайындаудан бастап модельді орналастыруға дейін қатысты, бұл жасанды интеллект саласында тұрақты инновацияларға берік негіз қалады. Жоба тек жасанды интеллекттің озық құралын жасауға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда жасанды интеллект мамандарын дамытуға да үлесін қосты.

Сонымен қатар, Demo Day аясында ISSAI Мемлекет басшысына алғашқы коммерциялық өнімін – Soyle (soyle.nu.edu.kz) қосымшасын ұсынды. Бұл өнім сөйлеуді тану, дауысты синтездеу және қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріне лезде аудару мүмкіндіктеріне ие, сол арқылы Қазақстанның жылдам дамып келе жатқан цифрлық ортасында әмбебап байланыс құралы болып табылады.

Президент Тоқаев ISSAI жобалары мен бастамаларына қолдауын білдіріп, ISSAI KAZ-LLM моделі Қазақстанда жасанды интеллектті дамытудың негізгі компоненттерінің бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы институт командасына олардың адалдығы мен кәсібилігі үшін алғыс білдірді.