Жаңалықтар

cover

4 қаңтар 2025 ж.

ISSAI Қазақстандағы жасанды интеллекттің дамуы жайлы жаңа деректі фильмде

2024 жылғы 27 желтоқсанда Abai TV телеарнасында және YouTube платформасында Президенттік телерадио кешені дайындаған «AI Alem» қысқаметражды деректі фильмі жарық көрді. Фильмде ISSAI-дың негізін қалаушы және директоры профессор Атакан Варол, атқарушы директоры Ербол Абсалямов және сыртқы байланыстар мен өнімдер жөніндегі директорының орынбасары Мәдина Абдрахманованың сұхбаттары ұсынылған.

Деректі фильмде Қазақстандағы жасанды интеллекттің даму деңгейі талқыланды. Профессор Атакан Варол жасанды интеллекттің дамуын анықтайтын негізгі факторларды атап өтті: мәліметтер, есептеу ресурстары және кадрлық әлеует. Ол ISSAI командасының ISSAI Kaz-LLM базалық моделін әзірлеу және жобаның барлық кезеңдеріне қатысу — мәліметтерді жинау, өңдеу, модельді оқыту және енгізу бойынша жұмыс істегенін айтты. Бұл қазақстандық зерттеушілер командасы үшін үлкен тәжірибе болды. Ербол Абсалямов Қазақстанның жасанды интеллект саласында жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуы үшін ірі тілдік модельдерді дамытуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Мәдина Абдрахманова тегін платформаларды пайдаланумен байланысты қауіп-қатерлерге тоқталды, атап айтқанда, мәліметтердің таралуы мен ұлттық қауіпсіздікке әсер ету қаупін атап өтті. Ол цифрлық егемендікті қамтамасыз ету үшін Қазақстанның өз тілдік модельдері мен жасанды интеллект жүйелерін құруы қажет екенін баса айтты.

Фильмде сонымен қатар Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевтің, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Silk Road Innovation Hub негізін қалаушысы Әсет Абдуалиевтің және жергілікті IT-компаниялар өкілдерінің сұхбаттары берілген.

«AI Alem» деректі фильмі YouTube платформасында көруге қолжетімді.