2025 жылғы 31 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) командасы Digital Almaty 2025 халықаралық форумына қатысты. Команда құрамына институттың негізін қалаушы және директоры, профессор Атакан Варол, атқарушы директор Ербол Абсалямов, жетекші деректер аналитигі Асқат Күздеуіов, деректер аналитиктері Рахат Мейрамов пен Ұлжан Биссаринова, өнім менеджері Айкерім Биссаринова, аға PR-менеджер Алия Мұхидинова және желілер менеджері Аида Қалиева кірді. Олар институттың негізгі әзірлемелерімен таныстырды.
Аумағы 6 шаршы метрді құрайтын ISSAI стенді халықаралық сарапшылар мен әзірлеушілерден бастап студенттер мен жасанды интеллект әуесқойларына дейін кең ауқымды мамандардың назарын аудартты. Келушілердің негізгі назары Soyle App пен Oylan-ға — сөйлеуді тану, дауыс синтезі, мәтін мен сөйлеуді қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, сондай-ақ суреттерді өңдеу мен жасанды интеллектті пайдалана отырып контент генерациялау мүмкіндіктерін біріктіретін озық технологияларға бағытталды. Бұл әзірлемелер банк секторы, білім беру, өнеркәсіп, сондай-ақ B2B және B2C нарықтарында кеңінен қолдануға елеулі әлеуетке ие.
Келушілер ұсынылған технологиялармен белсенді түрде өзара әрекеттесті. Олардың арасында Instagram мен TikTok-та 4 миллионнан астам жазылушысы бар танымал жапондық блогер Юджи Белеза да болды. Қазақ тілі мен мәдениетінің үлкен жанкүйері ретінде ол ISSAI шешімдерін зор қызығушылықпен сынақтан өткізіп, әсіресе олардың мәтінді аудару және дыбыстау функцияларын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол бұл технологияларды өз аудиториясына ұсынуға ниетті екенін білдірді.
Форумның екінші күні ISSAI стенді QazaqGas, Tengizchevroil, Қазақтелеком, Самұрық-Қазына және Иранның Телекоммуникациялық компаниясы өкілдерін қоса алғанда, көптеген келушілердің назарын аудартуды жалғастырды. Арнайы қонақтардың бірі Токай университетінің профессор Emeritus-і Koichi Koganezawa болды. Ол ұсынылған технологиялардың жоғары деңгейін ерекше атап өтіп, ISSAI командасына ізгі тілектерін жеткізді.
Digital Almaty 2025 форумы ISSAI-ға өз шешімдерін одан әрі дамыту бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді. Институт жобаларына деген жоғары қызығушылық олардың өзектілігі мен сұранысқа ие екенін растады.
ISSAI Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуын жалғастырып, жергілікті интеллектуалдық ресурстарға сүйене отырып озық AI-модельдер жасауда. Бұл бағытта зерттеу қаржыландыруының жеткіліксіздігі сияқты қиындықтарға қарамастан, институт өз миссиясын табандылықпен жүзеге асыруда.