2025 жылғы 19 наурызда Назарбаев Университетіндегі Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) Назарбаев Зияткерлік мектебінің (NIS) оқушыларын – Жасанды интеллект бойынша алғашқы желілік олимпиаданың қатысушыларын қабылдады. Іс-шара барысында оқушылар жасанды интеллект және деректер ғылымы әлеміне терең үңілу мүмкіндігіне ие болды. Бұл кездесу ISSAI-дың жаңа буын жасанды интеллект зерттеушілері мен жаңашылдарын шабыттандыру және ынталандыру мақсатындағы тұрақты бастамаларының бір бөлігі болып табылады.
Аға PR менеджері Алия Тусупова оқушыларды қарсы алып, іс-шараның бағдарламасымен таныстырды. Одан кейін, аға сыртқы байланыстар менеджері Айгерім Сарсенова ISSAI-дың қызметі туралы ақпараттық таныстырылым өткізіп, институттың жасанды интеллектті дамытудағы негізгі жобалары мен бастамалары туралы айтты. Ерекше назар ISSAI-дың Жазғы зерттеу бағдарламасына (SRP), оның мүмкіндіктері мен өтінім беру үдерісіне аударылды.
Кездесудің маңызды бөлігі ISSAI деректер ғылымы маманы Рахат Мейрамовтың тәжірибелік демонстрациясы болды. Ол SoyleApp, Oylan Language Vision Model және фотореалистік AI-аватар Aibike сияқты бірқатар инновациялық жасанды интеллект қолданбаларын таныстырды. Бұл жобалар институттың тілдік технологиялар, компьютерлік көру және цифрлық аватар жасау салаларындағы алға қойған мақсаттарын көрсетті.
Іс-шара қызу өткен сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды, онда оқушылар ISSAI зерттеулері, тағылымдамалар мен жасанды интеллект қауымдастығына қосылу мүмкіндіктері туралы тереңірек сұрақтар қойды. Оқушылар тарапынан Жазғы зерттеу бағдарламасы (SRP) ерекше қызығушылық тудырды.
ISSAI Бас директоры, доктор Атакан Варолдың шешімімен институт Жасанды интеллект бойынша алғашқы олимпиаданың жеңімпаздарына үш грант тағайындап, оларды SRP 2025 бағдарламасына қабылдады. Бұл шешім ISSAI-дың Қазақстандағы жас таланттарды қолдауға және академиялық жетістіктерді дамытуға деген ұмтылысын көрсетеді.
2025 жылғы 20 наурызда, олимпиаданың жабылу күні және марапаттау рәсімі барысында, ISSAI бас менеджері Гибрат Курманов пен аға сыртқы байланыстар менеджері Айгерім Сарсенова NIS-ке барып, SRP 2025 тағылымдамасының сертификаттарын ресми түрде табыстады. Олимпиада жеңімпаздары:
• Қасымхан Жәнібек (Талдықорған НЗМ)
• Елеуов Расул (Ақтөбе НЗМ)
• Ершов Александр (Қостанай НЗМ)
ISSAI Жазғы зерттеу бағдарламасы (SRP) туралы 2021 жылдан бастап біз Жазғы зерттеу бағдарламасын (SRP) Қазақстан және әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты студенттер үшін ұйымдастырып келеміз. Бұл бағдарлама қатысушыларға жасанды интеллект (AI), машиналық оқыту (ML), тереңдетілген оқыту, деректер алгоритмдері және осы салаларға қатысты пәндер бойынша практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Қатысушылар ISSAI институтының зерттеушілерімен және деректер ғылымы мамандарымен тығыз жұмыс істей отырып, заманауи технологияларды меңгеру мүмкіндігіне ие болады. Биыл біз ақылы және гранттық негіздегі орындарды ұсынамыз. Гранттар академиялық жетістіктері, білімі және дағдылары жоғары студенттерге беріледі. Қазақстан мен шет елдердің университеттері мен мектептерінің үздік студенттері осы грантқа үміткер бола алады. Таңдау процесі бірнеше кезеңнен тұрады, оның ішінде финалдық сұхбат бар.
Өтінімдер қабылданып жатыр және 2025 жылғы 25 наурызда (Астана уақыты бойынша 23:59-да) аяқталады. Қорытынды нәтижелер 2025 жылдың мамыр айының ортасында жарияланады. Бағдарламаға қатысушылар саны шектеулі. ISSAI Қазақстанда жасанды интеллект экожүйесін дамыту жұмыстарын жалғастырып, жастарды қажетті білім мен дағдылармен қамтамасыз ету арқылы олардың болашақтағы жетістіктеріне жол ашуға атсалысуда.
НЗМ оқушыларымен өткен кездесу академиялық орта мен болашақ AI көшбасшылары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жасалған тағы бір маңызды қадам болып табылады. Бұл бастамалар Қазақстанның технологиялық инновациялар көшінде алдыңғы қатарда қалуына ықпал етеді.