Жаңалықтар

cover

28 Наурыз 2025 ж.

Mangitas 01: ISSAI-дың Soyle іргелі сөз моделіне арналған жаңа тұжырым сервері

2025 жылғы 28 наурыз күні Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) деректерді өңдеу мен жасанды интеллектіге арналған шешімін — Mangitas 01 тұжырым серверінұсынды. Mangitas 01 —   өнімділігі жоғары есептеулер саласындағы ауқымды зерттеу мен әзірлеу жұмыстарының нәтижесі әрі Қазақстанда жасанды интеллект қызметтерін енгізудегі күрделі мәселелерді шешуге бағытталған әрекет.

ISSAI Қазақстан халқының игілігі үшін Soyle, KazLLM және Oylan сияқты генератив жасанды интеллект модельдерін әзірледі. Алайда елдегі суперкомпьютерлердің жоқтығына байланысты жұртшылық бұл модельдерді қолдана алмай жүр. Осы мәселені шешу үшін ISSAI-дың жас зерттеушілері нақты қадам басып, бүгін Mangitas желісіндегі алғашқы тұжырым серверін ұсынып жатыр.

Mangitas 01 біздің іргелі сөз моделіміз – Soyle-ні жергілікті сервер ретінде іске қосуға арналған. Оңтайландырылған бағдарламалық және аппараттық жасақтаманың үйлесімі мен Soyle-нің ықшамдалған нұсқасының арқасында Mangitas 01 сөзді тану, аудару және сөз шығару тапсырмаларын жоғары өнімділік көрсете отыра орындайды. Пайдаланушылар оны қарапайым браузер интерфейсі немесе API арқылы қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде қолдана алады.

Егер біз жұмыстарымызды жалғастыру үшін қажет ресурстарды тапсақ, командамыз Mangitas желісін әрі қарай кеңейтеді, соның ішінде Oylan тіл-көру моделінің оңтайландырылған нұсқасын тұжырым серверлерімізге бейімдеуге күш салады.