Жаңалықтар

cover

11 Сәуір 2025 ж.

Қазақстан жасанды интеллект жарысына қадам басты: ISSAI тіл-аудио-көру мүмкіндіктерін біріктіретін Oylan2 моделін іске қосты

Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) жасанды интеллект саласында айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп, Oylan2 моделін іске қосты. Oylan2 – қолданушымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өзара әрекеттесе алатын, мәтінді, дыбысты және кескінді өңдей алатын заманауи модель.

ISSAI Oylan жүйесінің функционалдығын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп, оның өнімділігі мен мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырды. Бұл жаңартулар Қазақстанның тілдік және мәдени контекстіне бейімделген мультимодальды жасанды интеллект жүйелерін жетілдірудегі маңызды қадам болып табылады.

Oylan2 моделінің іске қосылуы – жай ғана техникалық жаңғырту емес, бұл ISSAI ұйымының жасанды интеллект саласындағы үздіксіз инновация мен жоғары сапаға деген адал ұстанымының жарқын көрінісі. Бұл жетістік – ISSAI-дің Қазақстанда және кеңірек аймақта жасанды интеллектті дамытуға бағытталған өршіл жолындағы тағы бір маңызды белес. Oylan2 арқасында Қазақстан осындай озық технологияға ие санаулы елдердің қатарына қосылды. 

Бұған дейінгі KAZLLM және Oylan модельдерімен салыстырғанда, Oylan2 мәтінді әлдеқайда жақсы өңдеп, галлюцинацияларға (жалған, бірақ шындыққа жанасатын жауаптарға) сирегірек жол береді.

Алдыңғы модельге қарағанда Oylan2 кескіндерді өңдеуге қатысты тапсырмаларды, атап айтқанда, кескінді сипаттау, оптикалық таңбаларды тану, кескінге сүйене отырып сұрақтарға жауап беру, кестелер мен сызбаларды түсінуді әлдеқайда жоғары дәлдікті көрсете отырып орындайды.

Дүниежүзінде алғашқы көпшілікке қолжетімді, мәтінді, дыбысты және бейнені өңдей алатын модельдердің бірі бола тұра, Oylan2 қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде аудиодеректерді өңдеуде де айрықша қабілетке ие. Oylan2 автоматты түрде сөзді тану, ауызша сөзден жазба сөзге аудару, тілдерді анықтау, музыканы сипаттау, дыбыстарды жіктеу, тағы да басқа көптеген тапсырманы орындай алады.

Қажетті ресурстар қамтамасыз етілген жағдайда, ISSAI жаһандық жасанды интеллект жарысында мықты бәсекелес болып қала береді және Қазақстан халқының игілігіне бағытталған озық жасанды интеллект модельдері, құралдары мен қызметтерін жасауды жалғастырады.

Oylan2-нің мүмкіндіктерімен егжей-тегжейлі танысу үшін YouTube арнамыздағы толық демонстрациялық бейне-жазбаны көруді ұсынамыз.

Oylan2 моделінің жаңа қасиеттерін ISSAI Playground (oylan.nu.edu.kz) платформасында сынап көруге болады.