2025 жылғы 22-25 сәуір аралығында Сәфи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің үшінші курс студенттерінен құралған AI Hub жасанды интеллект зертханасының мүшелері Назарбаев Университетіндегі ISSAI – Ақылды Жүйелер және Жасанды Интеллект Институтына тәжірибе алмасу және зертханалық турлар аясында келді.
Студенттер жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ үздік тәжірибелерді үйренуге үлкен қызығушылық білдірді.
ISSAI-дың аға сыртқы байланыстар менеджері Айгерім Сарсенова Институттың қазіргі зерттеу бағыттары мен жобалары туралы шолу жасап, Қазақстандағы жасанды интеллектті дамытудағы ISSAI-дың маңызды рөлін атап өтті. Институт өз жетістіктерін көрсетіп, SoyleApp, Oylan және Aibike сынды жасанды интеллект негізінде жасалған тіл үйрену, білім беру және зерттеу құралдарын таныстырды. Қонақтар ISSAI-дың деректер ғалымдары және зерттеушілерімен тікелей пікірлесіп, бұл технологиялардың әртүрлі салаларға әсері жайлы сұхбаттасты.
Назарбаев Университетінің PhD студенттері, ғылыми ассистенттер Хамад Хасан Аван және Сакиру Олареважу Олагунджу өздерінің зерттеу жұмыстарымен таныстырды. Хамад мырза жасанды интеллект көмегімен циркулярлық экономиканы жетілдіруге бағытталған шешімдер туралы айтып, мамандарға оңтайлы стратегияларды жүзеге асыруға көмектесетін құрылымдалған индекс құруды көздейтін зерттеуін таныстырды. Сакиру мырза жер қазу көлемін бағалау үшін спутниктік суреттерді AI арқылы өңдеу тақырыбындағы докторлық зерттеу жұмысын таныстырды.
Алдыңғы қатарлы робототехника және мехатроника жүйелері зертханасында (ARMS Lab) Азамат Ешмұхаметов студенттерге бірнеше инновациялық робототехника және автоматика жобаларын көрсетті. Ол құбыр ішіндегі техникалық қызмет көрсету жұмыстарын орындауға арналған манипуляторы бар гибридті робот платформасын таныстырып, бұл шешім өндірістік ортадағы тар және қиын қолжетімді жерлерде жұмыс істеуге арналғанын атап өтті. Сонымен қатар, зертханада жасалған, кернеу мен сығымдау тепе-теңдігіне негізделген тенсегрити құрылымы таныстырылды. Бұл құрылым жеңіл әрі бейімделгіш роботтарды жасауға мүмкіндік береді.
Студенттер профессор Анара Сандығұлова жетекшілік ететін Human-Robot Interaction Lab зертханасының жұмысына үлкен қызығушылық танытты. Бұл зертхана ым тілі тану, аутизм терапиясы және технологиямен жетілдірілген оқыту сынды әлеуметтік маңызы бар салаларға бағытталған. Зертханада Назарбаев Университетінің магистранты Жоламан Қуангалиев аутизм спектрі бұзылысы бар балалармен өзара әрекеттесуге арналған роботты таныстырды. Жүйе қимыл, бет-әлпет мимикасы, дауыс және табиғи тіл секілді көпмодальды ақпарат арқылы әрекет ете алады. Бұл жоба зертхананың HRI конференциясында Үздік мақала жүлдесін алуына үлес қосқан жобалардың бірі болды.
Роботтарды басқару және үйрету зертханасында (RCL Lab) профессор Маттео Рубаготти өз командасының адам мен роботтың қауіпсіз әрі тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ететін ықтималдыққа негізделген болжамды басқару алгоритмдері сияқты жобаларын таныстырды.
Бағдарлама аясында студенттер Tactile Lab зертханасына да барды. Бұл зертхана сезімтал сенсорлар саласындағы жоғары деңгейдегі зерттеулерімен танымал. Ғылыми ассистент Ермахан Қасым тактильдік және гаптикалық технологияларды түрлі топтардың қажеттіліктеріне бейімдеуге бағытталған құрылғыларды таныстырды.
Tactile Lab зертханасынан кейін студенттер Назарбаев Университетінде жақында салынған анехоидтық камерамен танысты. Бұл арнайы дыбыс өтпейтін зертхана профессор Бахтияр Оразбаевтың жетекшілігімен жүргізілетін зерттеулер үшін қолданылады. Айта кету керек, бұл — Қазақстандағы жалғыз анехоидтық камера болып табылады және университеттің зерттеу инфрақұрылымына салған маңызды инвестициясын көрсетеді.
Студенттер сондай-ақ Орталық Азия инновациялық тағам зертханасына (Central Asia Innovation Food Lab)барды. Бұл — профессорлар Дидье Таламона (SEDS), д-р Мей-Йен Чан (SOM) және профессор Атақан Варол (ISSAI) жетекшілік ететін пәнаралық жоба. Зертханада студенттер тағам өнеркәсібіне заманауи технологияларды қолдану бағытында танысты. Ғылыми ассистенттер Рүстем Оразбаев пен Алина Закерьянова тағамдарды 3D басып шығару және гиперспектрлік бейнелеу арқылы орталықазиялық ерекшеліктерге сай сапалы деректер жинау, балама тағам құрылымдарын жасау және тағам сапасын бағалау бойынша зерттеулерді таныстырды.
Атыраулық студенттер Астанаға сапары кезінде алған тәжірибенің құндылығын атап өтті. Бұл сапар Атырау мұнай және газ университетінде AI Hub зертханасын құру жолындағы маңызды қадам болды.
«ISSAI және Назарбаев Университетіндегі жасанды интеллект жобаларымен танысу және тәжірибе алмасу болашақ жобаларымызды сәтті жүзеге асыруға үлес қосады деп сенеміз», — деді студент Алия Құсманова.
Студенттер ISSAI жүргізіп жатқан зерттеулердің жоғары деңгейіне тәнті болып, әсіресе қазақ тіліне арналған табиғи тілдерді өңдеуге бағытталған деректер жиынтықтары бойынша жасалған жетістіктерге жоғары баға берді. Олар робототехника, адам мен роботтың өзара әрекеті және басқару жүйелері салаларындағы жобалармен танысып, жетекші зерттеушілерге тікелей сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды.