Назарбаев Университетінде «Ақылды болашақ: студенттік идеялардан жаһандық серпілістерге дейін» атты медиа-тур өтті. Шара барысында студенттер, зерттеушілер экология, энергетика, жасанды интеллект және ғарышты игеру салаларындағы жобаларын таныстырды.
Іс-шараны университеттің даму офисі ұйымдастырды. ISSAI-дың атқарушы директоры Ербол Абсалямов институттың құрылымы, миссиясы мен көзқарасы туралы айтып, оның негізгі құндылықтары мен стратегиялық бағытына кеңінен тоқталды. Өз кезегінде IT-продукт менеджері Амина Байкенова ISSAI-дың негізгі жобаларын таныстырып, институттың қазіргі қызметі мен маңызды бастамалары туралы бөлісті.
ISSAI жергілікті қажеттіліктер мен тілдік бірегейлікті сақтауға бағытталған кешенді жасанды интеллект экожүйесін ұсынды. Оған мыналар кіреді:
- KazLLM — 70 миллиард параметрге дейінгі алғашқы ірі қазақтілді тілдік модель;
- MangiSoz — сөйлеуді тану және синтездеу, сондай-ақ аударма мүмкіндігі бар сервис;
- Oylan2 — мәтін, дыбыс және бейнені өңдейтін мультимодальды модель;
- TilSync — нақты уақытта субтитр жасап, бір мезетте аударма жасайтын құрал;
- Beynele — қазақ мәдени бірегейлігін бейнелейтін көптілді сурет генераторы;
- Mangitas 01 — Қазақстанда жасанды интеллектті қолжетімді етуге және технологиялық егемендікті қамтамасыз етуге бағытталған жергілікті есептеу сервері.
Таныстырылған басқа жобалар қатарында:
- Bulan Bikes — студенттер Nissan Leaf батареяларын қайта өңдеу арқылы жасаған экологиялық электровелосипедтер. Бұл жоба қалалық мобильділік мәселелерін шешіп, студенттердің уақыт пен қаражатын үнемдейді, қауіпсіздік пен қызмет көрсету топтарының жұмысын жеңілдетіп, көміртек ізін азайтады.
- Watermatic — сорғы станциялары үшін қашықтан басқарылатын автоматтандырылған су тасқынынан қорғау жүйесі. Бұл жүйе резервуарларды қолмен толтыру мен тұрақты бақылау қажеттілігін жояды. Сонымен қатар үздіксіз суару мен тиімді су пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
- EcoWare — ұнтақталған бидайдан жасалған биологиялық ыдырайтын ыдыстар. Жоба табиғи бояғыштар, крахмал мен глицерин сияқты ингредиенттерді қолданып, экологиялық таза әрі берік өнімдер шығаруға бағытталған.
- EcoWoolPellets — қой жүнінен жасалған түйіршікті тыңайтқыштар. Олар топырақ құрылымын жақсартып, су тапшылығын 30–50%-ға дейін азайтады және ауыл шаруашылығында химиялық заттарды қолдануды төмендетеді. Бұл жоба органикалық қалдықтарды құнды ресурсқа айналдырады.
- IntelStore — ақылды, текше түріндегі сақтау және тапсырыс жинау жүйесі. Роботтандырылған технология кеңістікті 75%-ға дейін үнемдеп, тапсырысты 3–5 есе жылдамырақ жинауға мүмкіндік береді және қателерді азайтады. Бұл шешім бизнеске, дәріханаларға, логистикалық орталықтар мен өндірістік мекемелерге бейімделе алады.
- Whole Genome Project — қазақ халқының генетикалық құрылымын зерттеуге арналған ауқымды жоба. Биобанк 500-ден астам толық геномды қамтиды және диагностикалық панельдер, фармакогенетикалық шешімдер мен дербестендірілген медицинаны дамыту үшін негіз бола алады.
- Торий энергиясы — дәстүрлі уранға қарағанда торийдің бірқатар артықшылықтары бар: кең таралған, қауіпсіз, радиоактивті қалдықтар аз және әскери мақсатта қолдануға келмейді. Бұл жоба Қазақстанның төмен көміртекті энергетикалық болашағына арналған инновациялық шешімдерді іздеуге бағытталған.
Іс-шара бейресми нетворкинг сессиясымен және жоба авторларымен еркін форматтағы сұхбатпен аяқталды. Қонақтар сұрақ қойып, технологияларды сынап көруге және жобаларды кеңейту жолдарын талқылауға мүмкіндік алды.