Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) деректер сарапшылары — Томирис Рахимжанова мен Рахат Мейрамов — АҚШ Мемлекеттік департаменті ұйымдастырған Халықаралық көшбасшыларды дамыту бағдарламасы (IVLP) аясындағы жұмыс сапарын сәтті аяқтады. Сапар барысында олар ISSAI мен Қазақстанды халықаралық аренада таныстырды.
Бірнеше апта ішінде ISSAI өкілдері жасанды интеллект саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары мен ұйымдарына барып, болашақта нәтижелі ынтымақтастыққа жол ашатын кәсіби байланыстар орнатты.
Бағдарлама Вашингтон қаласынан басталды. Мұнда Томирис пен Рахат АҚШ Мемлекеттік департаменті, Киберқауіпсіздік және инфрақұрылымды қорғау агенттігі (CISA), сондай-ақ Ұлттық стандарттар және технологиялар институты (NIST) өкілдерімен кездесті. Жасанды интеллектті дамыту контекстінде реттеу, стандарттау және киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Одан кейін делегация Стэнфорд университетіне барып, Киберсаясат орталығы мен Әлеуметтік медиа зертханасына ат басын тіреді. ISSAI-дың қазіргі жобалары таныстырылып, бірлескен жұмыс мүмкіндіктері сөз болды. Калифорния университетінің Беркли қаласындағы Адамға бейімделген жасанды интеллект орталығында (CHAI) доктор Олаф Гротпен кездесу өтті. Кездесу барысында жасанды интеллекттің жаһандық сын-қатерлері мен адамға бағытталған этикалық дамуы жайлы пікір алмасылды.
Сондай-ақ ISSAI қызметкерлері Meta компаниясының зерттеушісі Арман Жармағамбетовпен кездесіп, жаһандық ИИ трендтері мен Қазақстандағы зерттеу бағыты жөнінде әңгімелесті. Silkroad Innovation Hub-қа жасалған сапар барысында еуразиялық стартаптарды қолдау және халықаралық инновациялық экожүйелер арасындағы байланысты нығайту мәселелері қарастырылды.
Питтсбург қаласында делегация Карнеги-Меллон университетінің CyLab киберқауіпсіздік және құпиялылық институтына, Питтсбург суперкомпьютерлік орталығына, сондай-ақ Hellbender Inc. және AI Strike Team компанияларына барды. Онда жасанды интеллекттің жауапты дамуы, деректер қауіпсіздігі және Bridges-2 сынды заманауи суперкомпьютерлік инфрақұрылымдар туралы сөз болды. Сонымен қатар, академия, бизнес және стартаптар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған AI Avenue бастамасы таныстырылды.
Сапардың ерекше сәттерінің бірі — Google компаниясының Питтсбургтегі кеңсесіне бару болды. Мұнда қатысушылар командалық жұмыстың ұйымдастырылуы мен өнім жасау үдерістерімен танысты.
Бұл шабыттандыратын сапар АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен жүзеге асты. Кездесулердің барлығы нәтижелі өтті және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге негіз қалады. ISSAI өкілдері жасанды интеллект саласындағы жетекші мамандармен және беделді ғылыми орталықтармен тәжірибе алмасты.
ISSAI АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі қызметкерлеріне, әсіресе Кэти Ракел мен Гжегож Садовскийге сапарды ұйымдастыру мен көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғыс білдіреді. Институт халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жауапты жасанды интеллектті дамыту жолындағы жұмысын жалғастыра береді.
Томирис Рахимжанова мен Рахат Мейрамов IVLP бағдарламасы аясында ISSAI мен Қазақстанды жоғары деңгейде таныстырып, үлкен кәсібилік пен ынта танытты.