Жаңалықтар

cover

17 Шілде 2025 ж.

ISSAI Қазақстанның жасанды интеллектінің жаңа дәуір технологияларын ұсынады

АСТАНА — 2025 жылғы 17 шілде — Nazarbayev University Ақылды Жүйелер мен Жасанды Интеллект Институты (ISSAI) қазақстандық мамандар толықтай әзірлеп, жасап, іске асырған жасанды интеллекттің жаңа технологиялар қатарын ұсынды.

Баспасөз брифингі барысында ұсынылған жүйелер Қазақстанның технологиялық дербестікке, мәдени ерекшелікті сақтауға және жасанды интеллект саласында тәуелсіз инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамын білдіреді.

2024 жылдың желтоқсанында ірі тілдік модель — KazLLM таныстырылымынан кейін, ISSAI мәдени және тілдік әртүрлілікті ескеретін жасанды интеллект бағытында Қазақстанды көшбасшылар қатарына шығаратын бес бірдей серпінді өнімді назарға ұсынады.

Өзін-өзі қамтамасыз ететін жасанды интеллектті құру жолындағы маңызды қадам

«Бүгін ұсынылған барлық технологиялар — бұл деректерді жинаудан бастап инженерлік шешімдер мен енгізуге дейінгі барлық кезеңдерде жергілікті мамандардың еңбегінің нәтижесі», — деп атап өтті ISSAI Бас Директоры, доктор Хусейн Атакан Варол. — «Бұл тек технологиялық жетістік қана емес, сонымен бірге мәдени маңызы бар жетістік. Қазақстан өз халқы үшін, өз тілінде және өз ережелерімен озық интеллектуалды жүйелерді жасай алатынын дәлелдеп отыр — бұл қазақстандық зерттеушілердің, инженерлер мен деректер саласындағы мамандардың талантының арқасында мүмкін болып отыр».

Ұсынылған технологиялар

Oylan 2.5 — Латын әліпбиін қолдайтын көптілді, мультимодальды жасанды интеллект көмекшісі

Oylan 2.5 — ISSAI әзірлеген қуатты жасанды интеллект көмекшісі, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істей алады. Жаңа нұсқада пайдаланушылар қазақ тілінде тек кириллицамен ғана емес, сонымен қатар латын әліпбиімен де еркін жұмыс жасайды.

Oylan 2.5 көмегімен пайдаланушылар мыналарды жасай алады:

●  Сұрақтарды мәтін немесе дауыс арқылы қойып, толық әрі мазмұнды жауаптар алу;

●  Кескіндерді (үй тапсырмасы, сызбалар және т.б.) жүктеп, талдау нәтижесін көру;

●  Қазақ тілінде жауаптарды кириллицада да, латын әліпбиінде де алу;

●  Интернеттен немесе құжаттардан шынайы және сенімді ақпарат іздеу;

●  Математикалық формулалар мен бағдарламалау кодын дұрыс форматта көрсету — бұл студенттер мен әзірлеушілер үшін өте қолайлы.

MangiSoz 2.0 — Сөйлеуді тану, дыбыстау және аудару жүйесі

MangiSoz 2.0 — нақты ортада сенімді жұмыс істеуге арналған сөйлеу технологияларының жүйесі. Жүйе мыналарды ұсынады:

●  Қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде жоғары дәлдікпен сөйлеуді тану және дыбыстау мүмкіндігі;

●  Мәтінді дауысқа және сөйлеуді мәтінге табиғи, адамға ұқсас дауыс арқылы түрлендіру, бес тілдің барлығында ер және әйел дауысын таңдау мүмкіндігі.

TilSync — Нақты уақытта субтитр және аударма құралы

TilSync әртүрлі тілдер мен платформалар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетеді:

●  Өте төмен кідірісі бар нақты уақытта субтитр және аудиоаударма;

●      Видеоконференциялар мен стримингтік платформалармен оңай интеграция;

●      Қазақ, орыс және ағылшын тілдері арасында нақты уақытта аудару.

Beynele — Мәдени бейімделуі бар көптілді сурет генераторы

Beynele — қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде мәтіндік сұраныстар арқылы мәдени ерекшеліктерді ескеретін визуалды контент жасай алатын генеративті жасанды интеллект моделі:

●      Әртүрлі тілде мәтіндік сұраныс арқылы сурет генерациялау;

●      Қазақ ұлттық нақыштарын, ұлттық киімдерді, символдар мен табиғи көріністерді қолдану;

●      Контент жасаушыларға, оқытушыларға және медиа саласының мамандарына қолдау көрсету;

●      Визуалды әңгімелеу арқылы мәдени егемендікті нығайту.

Mangitas 02 — Жасанды интеллектті жергілікті және қауіпсіз орналастыруға арналған сервер

Mangitas 02 — модельдердің қауіпсіз жергілікті инференсі үшін әзірленген арнайы жасанды интеллект жабдығы:

●      Жергілікті қолдануға арналған жоғары өнімді инференс сервері;

●      Бұлттық сервистерден толық бас тарту — құпия және сезімтал деректермен жұмыс істеуге оңтайлы шешім;

●      Жасанды интеллект мүмкіндіктерін мектептерде, жергілікті деректер орталықтарында және мемлекеттік мекемелерде толыққанды пайдалану;

●      Негізгі жасанды интеллект жүйелерінің тек ұлттық инфрақұрылым шеңберінде жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

●      Деректердің толық қауіпсіздігін, ұлттық стандарттарға сәйкестігін және сыртқы онлайн платформаларға тәуелділіктен толық тәуелсіз жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

ISSAI баспасөз мәслихатында Атқарушы директор Ербол Абсалямов атап өтті: «MANGITAS — толығымен ISSAI ішінде құрастырылып, бапталған инференс сервері, дәстүрлі суперкомпьютерлерге жергілікті балама бола алады. ISSAI жоғары өнімді есептеу жүйелерін енгізу бойынша мемлекеттік бастаманы толық қолдайды және құптайды, алайда олардың басым бөлігі қазіргі таңда халықаралық санкцияларға ұшыраған шетелдік компоненттерге негізделген. Ал MANGITAS болса, Қазақстанда қолжетімді жабдықтарды пайдалану арқылы жасалып, ISSAI-дың толықтай меншікті технологиялық шешімі болып табылады. Оның есептеу қуаты біршама қарапайым болуы мүмкін, бірақ бұл Қазақстанның сыртқы шектеулерді айналып өтіп, ұлттық цифрлық егемендікті нығайтуға бағытталған тәуелсіз, отандық технологиялық шешімдерді жасап шығара алатынын көрсететін айқын мысал. Қазіргі таңда ISSAI-дың барлық модельдері MANGITAS платформасында орналастырылуы мүмкін және біз бұл шешімді өз қажеттіліктеріне бейімдеу үшін басқа ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз».

ISSAI IT өнім менеджері Амина Байкенова өз презентациясы барысында былай деп атап өтті: «ISSAI командасы әзірлеген MANGITAS инференс сервері — жабық және қорғалған ортада жұмыс істейтін жоғары өнімді шешім. Бұл деректердің барынша қорғалуын және құпиялылығын қамтамасыз етеді. Бүгінде қазақстандық бірқатар кәсіпорындар MANGITAS жүйесін оқшауланған IT-инфрақұрылымдарында сәтті қолдануда, бұл оның сенімділігі мен сезімтал деректермен жұмыс істеуге жарамдылығын дәлелдейді».

Бұл жетістік NU — Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті — және Қазақстанның басқа да алдыңғы қатарлы білім және ғылыми мекемелері қалыптастырған интеллектуалдық әлеуеттің арқасында мүмкін болды.

Назарбаев Университеті зерттеушілері айқындаған басты басымдық — жергілікті және жаһандық деңгейдегі сын-қатерлерге жауап беретін, нақты пайдасы мен практикалық маңызы бар ЖИ  шешімдерін әзірлеу.

ISSAI осы баспасөз брифингін өткізуге мүмкіндік берген «Әлеуметтік даму қоры» корпоративтік қорына және Onergy Art Hub кеңістігіне алғыс білдіреді. Бұл қолдау Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан технологиялық экожүйесін нығайтуда маңызды рөл атқарады.

ISSAI туралы

Nazarbayev University Ақылды Жүйелер мен Жасанды Интеллект Институты (ISSAI) — Қазақстандағы жасанды интеллект саласындағы жетекші зерттеу орталығы. 2019 жылы құрылған және 2024 жылы автономды мәртебеге ие болған ISSAI бүгінде тілдік технологиялар, денсаулық сақтау, білім беру және цифрлық инфрақұрылым бағыттарында ауқымды жобалармен айналысатын 70-тен астам зерттеуші, инженер және деректер мамандарын біріктіреді.

ISSAI халықаралық жетекші журналдар мен конференцияларда 120-дан астам ғылыми мақала жариялап, бірқатар беделді марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, институт елдің тілдік, мәдени және институционалдық ерекшеліктерін ескеретін, практикалық және қолжетімді қолданбалы жасанды интеллект өнімдері мен сервистерін дамытуға нақты үлес қосып келеді.

ISSAI Орталық Азиядағы ең ірі ашық бастапқы код, деректер жиынтықтары және алдын ала оқытылған модельдер қоры ретінде де танымал. Институт өңірдің технологиялық әлеуетін арттырып, инновациялардың дамуына серпін беруде.

Orientation: 1
« of 11 »