2025 жылғы 15 тамызда Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) президенті Жозее Кирпс Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтына (ISSAI) келді.
Бұл сапар цифрлық трансформацияға және архив ісін мен білімді басқару жүйелерін қолдауда жасанды интеллекттің рөліне деген жаһандық қызығушылықтың артып келе жатқанын айқындады.
Кездесу барысында ISSAI Деректер талдау сарапшысы Рахат Мейрамов институт туралы, оның миссиясы мен негізгі зерттеу және әзірлеу бағыттары жөнінде кең көлемді презентация жасады. Ол ISSAI-дың Қазақстанның тілдік, мәдени және инфрақұрылымдық ерекшеліктеріне бейімделген жасанды интеллект шешімдерін құруға ерекше мән беретінін атап өтті. Бұдан кейін ISSAI Деректер талдау сарапшысы Аспандияр Нуриманов институттың негізгі өнімдері — Oylan мен MangiSoz жүйелерін тікелей таныстырып, олардың сөйлеуді тану, мәтін генерациясы және көптілді қолжетімділікті қамтамасыз ету мүмкіндіктерін көрсетті.
Делегация осы технологиялардың, әсіресе деректерді цифрландыру саласындағы әлеуетін талқылап, олардың архив ісі мен білімді сақтау үшін айтарлықтай пайда әкелетінін атап өтті. Қонақтар ынтымақтастық перспективаларына үлкен қызығушылық білдіріп, архивтік процестерді жаңғыртуда жасанды интеллектке негізделген құралдардың маңыздылығын мойындады.
ISSAI-дегі сессиядан кейін ICA делегациясы Назарбаев Университетіндегі басқа да кездесулерін жалғастырып, ғылым, технология және инновация салаларындағы кең ауқымды ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.