2025 жылғы 6 қазанда Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві өкілдерін қабылдады. Делегацияны директор Әлия Мустафина бастап келді.
Делегация құрамында Цифрлық технологиялар мен инновациялар департаментінің басшысы Куралай Кабарова, сондай-ақ жетекші мамандар Санжар Сағынұлы және Әбілқайыр Тұрғынұлы Болатбаев болды.
ISSAI тарапынан кездесуге Бас Директор д-р Атакан Варол, атқарушы директор Ербол Абслямов, өнімдер мен сыртқы байланыстар бойынша директорының міндетін атқарушы Амина Байкенова, мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі менеджер Әлайдар Әмірсейіт және аға сыртқы байланыстар менеджері Айгерім Сарсенова қатысты.
Кездесу барысында Айгерім Сарсенова ISSAI-дің жасанды интеллект саласындағы құзыретін және құжаттарды зияткерлік өңдеу, деректерді талдау және цифрлық трансформация бойынша флагмандық жобаларын таныстырды. Президенттік архивтің өкілдері архив материалдарын цифрландыру және зияткерлік басқару бағытында ISSAI-мен ынтымақтастыққа айрықша қызығушылық білдіріп, Институттың Қазақстанның архив инфрақұрылымын жаңғыртуға қосатын әлеуетін атап өтті.
Президенттік архив Қазақстанның қазіргі заман тарихының құжаттық мұрасын, соның ішінде Президент Әкімшілігі мен негізгі мемлекеттік институттардың құжаттарын сақтау және зерттеу ісінде маңызды рөл атқарады. Оның миссиясы — ұлттық құжаттық активтердің сақталуын, қолжетімділігін және жүйелі цифрлық сақталуын қамтамасыз ету.
Тараптар озық жасанды интеллект технологиялары арқылы Қазақстанның ұлттық архив мұрасын цифрлық трансформациялау және оның қолжетімділігін арттыруға бағытталған ықтимал бірлескен бастамаларды одан әрі пысықтау жөнінде уағдаласты.