Жаңалықтар

cover

16 Қазан, 2026

ISSAI Петропавл қаласында өткен республикалық семинарда қазақ тіліне арналған AI зерттеулерін таныстырды

2026 жылғы 16 қазанда Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов Петропавл қаласында өткен, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі жай-күйі мен дамуына арналған республикалық семинарға қатысты.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған семинар қазақ тілінің цифрлық ортадағы қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған биылғы іс-шаралар сериясының қорытынды кезеңі болды. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Жетісу облыстарынан, сондай-ақ Астана, Алматы, Түркістан және Шымкент қалаларынан өкілдер қатысты.

Семинарда ғылым, мемлекеттік басқару және медиа салаларының өкілдері сөз сөйледі. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің PhD докторы, қауымдастырылған профессоры Ақмарал Дәутқұлова, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының менеджері Ламбриан Топузов, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті басқармасының басшысы Қайыржан Рахымжанов және басқа да қатысушылар болды.

Семинар барысында Ербол Абсалямов ISSAI-дің қазақ тіліндегі жасанды интеллект бағытында қол жеткізген нәтижелерін таныстырды. Ол Институттың зерттеу әдістемесі, әзірлемелерді жасау үдерісі, негізгі қағидаттары және есептеу инфрақұрылымы туралы баяндады. Қатысушылар ISSAI әзірлеген шешімдердің, соның ішінде ISSAI Voice Studio мен Qupia жүйелерінің соңғы нұсқаларының жұмысымен танысты.

Тұсаукесердің негізгі бөлігі ISSAI әзірлеген Qolda* моделіне арналды. Бұл жоба қазақ тіліндегі AI технологияларын дамытуға бағытталған ғылыми грант аясында жүзеге асырылды.

Семинарға қатысушылар ISSAI жұмысына үлкен қызығушылық танытып, қазақ тілін жаһандық AI кеңістігіне интеграциялауға қосып отырған үлесін, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізу мен тілдік технологияларды әзірлеу тәсілін жоғары бағалады.

ISSAI-дің қазақ тіліндегі AI технологияларын дамытуға қосқан үлегін ескере отырып, Ербол Абсалямов Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінен алғыс хатпен марапатталды.

*Qolda — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен жүзеге асырылатын нысаналы бағдарламалық қаржыландыру (BR24993001) аясында ISSAI әзірлеген модель. Консорциумды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) басқарады. Оның құрамына ISSAI, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты кіреді.

« ‹ of 4 › »