2025 жылғы 28–29 қазан күндері Назарбаев Университетіндегі Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) негізін қалаушы директоры д-р Хусейн Атакан Варол Бакин мемлекеттік университеті, Түркі академиясы және Түркия Ғылым академиясы (TÜBA) бірлесіп ұйымдастырған Жасанды интеллект этикасы жөніндегі Түркі әлемінің I халықаралық конференциясына қатысты.
Д-р Варол «Тіл, мәдениет және этика: цифрлық тәуелсіздік пен технологиялық даму үшін генеративті ЖИ-ді локализациялау» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде Түркі әлемінің мәдени, тілдік және этикалық алуандылығын бейнелейтін жергілікті ЖИ экожүйелерін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол суверенді ЖИ дамытуға ISSAI-дың қосқан үлесін – KazLLM, Oylan, MangiSoz және Beynele модельдерін, сондай-ақ Қазақстанда жауапты және инклюзивті ЖИ инновацияларын қолдайтын ISSAI-дың ашық бастапқы кодты бастамаларын таныстырды.
Конференция беделді зерттеушілерді, мемлекеттік шешім қабылдаушыларды және ЖИ этикасы саласының сарапшыларын бір арнаға тоғыстырды. Негізгі спикерлер қатарында д-р Мехмет Йылдыз (Сабанджи университеті, Түркия), д-р Юсуф Синан Акгүл (Гебзе техникалық университеті, Түркия) және д-р Ибрар Хуссейн (Лахор университеті, Пәкістан / Шинаватра университеті, Таиланд) болды.
Іс-шараны Бакин мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаев, Түркі академиясының президенті Шахин Мустафаев және Түркия Ғылым академиясының президенті д-р Музаффер Шекер ашты.
Д-р Варол сондай-ақ негізгі секциялардың біріне төрағалық етті. Бұл сессияда ЖИ технологиялары есебінен білім беруді түрлендіру, алгоритмдік әділдік, сондай-ақ құқық және мемлекеттік саясат саласындағы ЖИ этикасы мәселелері талқыланды.
ISSAI осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға қосқан көшбасшылығы мен үлесі және жасанды интеллектінің этикалық қырлары бойынша уақытылы пікірталастарды дамытуға ықпал еткені үшін ректор Эльчин Бабаевқа, Шахин Мустафаевқа, Асхат Кесікбаевқа және д-р Музаффер Шекерге шынайы алғыс білдіреді.