Жаңалықтар

cover

18 Желтоқсан 2025 ж.

ISSAI зерттеушілері Жапонияда өткен NLPIR 2025 конференциясында көптілді жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін таныстырды

Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) зерттеушілері табиғи тілдерді өңдеу және ақпараттық іздеу бойынша 9-шы халықаралық конференция (NLPIR 2025) жұмысына қатысты. Конференция 12–14 желтоқсан аралығында Кюсю университетіндегі Ғылыми зерттеулер және халықаралық алмасу орталығының алаңында, Фукуока қаласында, Жапонияда өтті.

Конференция барысында ISSAI деректер талдаушысы Ануар Арынғазин «Multi-Head Vision Transformer for Multilingual Font and Language Identification» атты ғылыми жұмысын таныстырды. Бұл зерттеу ISSAI негізін қалаушысы және директоры, профессор Хусейн Атакан Варолмен бірлесіп жазылған. Зерттеу көптілді ортада қаріптер мен тілдерді анықтауға арналған компьютерлік көру негізіндегі заманауи тәсілдерді қарастырып, трансформер архитектураларының күрделі нақты жағдайларда қолданылу мүмкіндігін көрсетеді.

Сонымен қатар профессор Хусейн Атакан Варол Саида Муссахожаевамен бірлесіп жазған «Efficient Language Expansion for Machine Translation Using LoRA: A Case Study for Kazakh» атты жұмысты ұсынды. Зерттеуде параметрлік тұрғыдан тиімді бейімдеп жетілдіру әдістері (fine-tuning) ресурсы аз тілдерді — мысалы, қазақ тілін — заманауи машиналық аударма жүйелеріне енгізуді қалай жеделдететінін көрсетеді.

Екі зерттеу де ауызша баяндама жасау үшін таңдалып алынды. Бұл олардың ғылыми үлесінің жоғары екенін және табиғи тілдерді өңдеу саласындағы мамандар қауымдастығы үшін өзектілігін көрсетеді. Конференция қорытындысы бойынша мақалалар Springer Nature халықаралық ғылыми баспасында жарияланады.

NLPIR 2025 конференциясына қатысу ISSAI-дың көптілді жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді дамытуға және жаһандық ғылыми диалогқа белсенді қатысуға деген ұстанымын көрсетеді. Сонымен қатар бұл бастама келесі буын тілдік технологияларында жеткілікті деңгейде қамтылмаған тілдерді қолдауға бағытталған.