Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) «AI технологияларымен жетілдірілген 3D өндіріс зертханасы» (AI-Enhanced 3D Manufacturing Lab) жобасы үшін 3-ші жаһандық цифрлық интеллект және білім беру инновациялары байқауында (DI-IDEA 2026) күміс жүлдеге ие болды. Жоба «Оқыту мен білім алудағы AI» (AI for Teaching and Learning) бағыты бойынша «AI көмегімен жетілдірілген оқыту инновациясы» (AI-Enhanced Learning Innovation) санатында марапатталды.
Марапаттау рәсімі 2026 жылғы 8 қарашада Қытайдың Бейжің қаласындағы Пекин университетінде өтті. Рәсімде ISSAI атынан аға деректер талдаушысы Жанат Махатаева мен деректер талдаушысы Владимир Альбрехт қатысты. Олар жоба командасының атынан Бейжіңге арнайы барды.
Марапаттау рәсімі 6–8 қараша аралығында өткен Beijing Forum 2026 аясындағы «Адамның білім алу үдерісін жаңаша қалыптастыру: цифрлық интеллект дәуіріндегі білім берудің болашағы» (Reshaping Human Learning: The Future of Digital Intelligence Education) атты DI-IDEA симпозиумының бір бөлігі болды. Халықаралық іс-шараға университет басшылары, зерттеушілер мен білім беру саласының сарапшылары қатысып, жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың оқыту және білім алу үдерістерінің болашағына ықпалын талқылады.
Инженерлік зертханаларды цифрлық кеңістікке көшіру
Марапатқа ие болған жоба Назарбаев Университетінің Зияткерлік өндіріс зертханасын студенттер онлайн режимінде аралап, зерттей алатын интерактивті виртуалды кеңістікке айналдырады.
Команда 3D Gaussian Splatting (3DGS) деп аталатын, жасанды интеллектке негізделген үш өлшемді реконструкциялау технологиясын пайдаланып, смартфонға түсірілген бір ғана бейнежазба арқылы зертханадағы Festo модульдік өндіріс жүйесінің цифрлық көшірмесін жасады.
Студенттер виртуалды зертхананы веб-браузер арқылы ашып, жабдықтарды зерттеп, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін көмекшімен өзара әрекеттесе алады. Көмекші сұрақтарға жауап беріп, өндірістік жүйенің жұмыс істеу принципін мәтін және синтезделген сөйлеу арқылы түсіндіреді. Біз студенттердің оқу үдерісінде зияткерлік әрі интерактивті қолдау көрсету үшін Qolda* моделін осы AI-көмекшінің негізгі өзегі ретінде интеграциялауды көздеп отырмыз.
Жоба инженерлік білім берудегі маңызды мәселелердің бірін шешуге бағытталған: студенттердің мамандандырылған зертханалық жабдықтарға әрдайым тікелей қол жеткізу мүмкіндігі бола бермейді. Виртуалды орта күрделі өндірістік жүйелерді қашықтан зерттеуге мүмкіндік береді және бұл үшін арнайы бағдарламалық жасақтаманы орнату немесе VR көзілдірігін пайдалану қажет емес.
Технологияны тәжірибе жүзінде сынау
Оқу тәжірибесінің тиімділігін бағалау үшін команда Назарбаев Университетінің 15 студентінің, соның ішінде ISSAI ғылыми ассистенттерінің қатысуымен пилоттық зерттеу жүргізді. Қатысушылар бірдей өндірістік жабдықты екі форматта зерттеді: интерактивті 3D ортада және дәстүрлі 2D презентация арқылы.
Зерттеу нәтижелері бойынша 3D ортада қатысушылардың білімін бағалаудың орташа көрсеткіші 8 балдың 6,5-ін құрады. Ал 2D форматында бұл көрсеткіш 5,7 балл болды. Сонымен қатар қатысушылар интерактивті ортаны зерттеуге көбірек уақыт жұмсады: медианалық зерттеу уақыты 3D форматында 344 секундты, ал 2D форматында 168 секундты құрады.
Бұл нәтижелер әзірге алдын ала сипатқа ие болғанымен, интерактивті 3D орталардың студенттерге жабдықтарды өз бетінше зерттеп, білімді жеке қарқынымен меңгеруге мүмкіндік беру арқылы инженерлік білім беруді жетілдірудегі әлеуетін көрсетеді.
Алдағы уақытта команда зерттеуді кеңейтуді, басқа зертханаларды цифрландыруды және виртуалды ортада динамикалық өндірістік үдерістерді көрсету үшін 4D Gaussian Splatting технологиясын зерттеуді жоспарлап отыр.
ISSAI – Beijing Forum 2026 форумында
Beijing Forum 2026 жасанды интеллект дәуіріндегі білім берудің болашағын талқылауға арналған халықаралық алаң болды. Симпозиумға Азия, Еуропа және Солтүстік Американың жетекші жоғары оқу орындарынан университет президенттері, проректорлар, зерттеушілер мен білім беру саласының сарапшылары қатысты.
Негізгі баяндамашылар қатарында Австриядағы Interdisciplinary Transformation University Austria университетінің негізін қалаушы президенті Стефани Линдштедт (Stefanie Lindstaedt), Таиландтағы Mahidol University университетінің білім беру жөніндегі вице-президенті Наэти Суксомбун (Naeti Suksomboon), Сингапурдағы Nanyang Technological University университетінің білім беру жөніндегі провост орынбасары Тан Ой Кианг (Tan Ooi Kiang) және АҚШ-тағы Cornell University университетінің Оқыту инновациялары орталығының атқарушы директоры Роб Вандерлан (Rob Vanderlan) болды.
Назарбаев Университеті атынан академиялық мәселелер жөніндегі вице-проректор Саманта Смит (Samantha Smidt) «Қазақстанның тілі мен мәдениетін түсінетін AI – Назарбаев Университетінің тәжірибесі» (AI that Understands Kazakhstan’s Language and Culture – A Case Study from Nazarbayev University) тақырыбында негізгі баяндама жасады. Оның баяндамасында жергілікті тілдер мен мәдени контексті түсінетін AI технологияларын дамытудың маңыздылығы атап өтіліп, Қазақстанның тәжірибесі білім берудегі жасанды интеллект жөніндегі халықаралық талқылауға ұсынылды.
Симпозиумға сондай-ақ Ұлыбританиядағы University College London және London School of Economics and Political Science, Ирландиядағы Dublin City University, Гонконг арнайы әкімшілік ауданындағы The Hong Kong Polytechnic University және The University of Hong Kong, Жаңа Зеландиядағы University of Auckland, сондай-ақ АҚШ-тағы University of Michigan университеттерінің сарапшылары қатысты.
Форум аясындағы талқылаулар жасанды интеллект көмегімен оқыту мен білім алуға, университеттік білім берудің болашағына, академиялық инновацияларға және цифрлық технологиялар кеңінен таралған заманда оқытушылардың рөлінің өзгеруіне арналды.
Форумға ISSAI атынан атқарушы директор Ербол Абсалямов та қатысып, академиялық және білім беру саласындағы халықаралық көшбасшылардың басқосуына қосылды.
ISSAI және Назарбаев Университеті өкілдерінің қатысуы университеттің цифрлық білім беру және болашақ оқу ортасын қалыптастырудағы жасанды интеллектінің рөлі жөніндегі жаһандық талқылауларға белсенді араласатынын көрсетті. ISSAI өкілдері Qolda* сияқты модельдерді Қытай университеттері пайдаланатын сервистерге енгізу мүмкіндіктері мен оларды тәжірибеде қолдану жолдарын талқылап, осы бағыттағы білімдері мен тәжірибесін бөлісуге дайын екендіктерін білдірді.
Жоба командасы және алғыс
Марапатқа ие болған жоба командасының құрамында ISSAI институтының аға деректер талдаушысы, доктор Жанат Махатаева; ISSAI деректер талдаушысы Владимир Альбрехт; Назарбаев Университетінің PhD докторанттары Құлан Сағади мен Батыр Арыстанбеков; сондай-ақ ISSAI ғылыми ассистенті әрі Назарбаев Университетінің магистранты Алаар Әкілбеков бар.
Команда байқауға қатысуға мүмкіндік ашқаны үшін доктор Саманта Смитке; жобаны Зияткерлік өндіріс зертханасында жүзеге асыруға қолдау көрсеткен профессор Тоһид Әлизадеге; сондай-ақ ISSAI институтының негізін қалаушы директоры әрі SCAI мектебінің алғашқы деканы, профессор Хусейн Атакан Варолға бағыт-бағдары мен қолдауы үшін шынайы алғысын білдіреді.
Сонымен қатар Пекин университетінің Үздік оқыту және білім алу орталығының өкілі Ван Сюеге, DI-IDEA байқауын ұйымдастыру комитетіне және пилоттық зерттеуге қатысқан Назарбаев Университетінің студенттеріне ерекше алғыс айтылады.
Күміс жүлде ISSAI үшін маңызды жетістік болып, жасанды интеллект пен инженерлік білім беру тоғысындағы Институт жұмысының мойындалғанын білдіреді. ISSAI өкілдерінің Beijing Forum 2026 форумына қатысуымен қатар, бұл марапат Институттың халықаралық ғылыми зерттеулер мен инновацияларға қосқан үлесін және білім беруді қолжетімді, интерактивті әрі тартымды ету жолында жасанды интеллектінің жаңа мүмкіндіктерін зерттеуге деген ұстанымын айқындайды.
* Qolda моделі – Қазақстан Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында әзірленген ISSAI моделі (бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру – BR24993001). Консорциум құрамына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (жетекші ұйым), ISSAI, «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ақпараттық және есептеу технологиялары институты кіреді.