16 маусымда Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) мен Damumed компаниялар тобы «Қазақстан денсаулығы сақтау саласы: жаңа сын-қатерлер жағдайындағы даму. Жалпы практика дәрігерінің қызметіндегі дәлелді медицина» атты халықаралық конференция барысында дәрігерлерге арналған AI-дауыс көмекшісінің прототипін таныстырды.
Инновациялық шешім медициналық қабылдау кезінде құжаттарды рәсімдеу үдерісін жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталған. ISSAI әзірлеген отандық жасанды интеллект модельдері — Oylan және Mangisoz — негізінде жұмыс істейтін дауыс көмекшісі дәрігер мен пациент арасындағы әңгімені нақты уақыт режимінде талдап, консультация қорытындысы бойынша құрылымдалған медициналық жазбаны автоматты түрде қалыптастырады.
Бұл технологияны енгізу медициналық құжаттаманы жүргізуге байланысты әкімшілік жүктемені айтарлықтай азайтып, медицина қызметкерлеріне қабылдау барысында пациенттерге және тікелей қарым-қатынасқа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Damumed Қазақстанның денсаулық сақтау саласында 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді және елдегі цифрлық денсаулық сақтау шешімдерінің жетекші жеткізушілерінің бірі болып табылады. Damumed цифрлық платформасының қызметтерін бүкіл ел бойынша 2 500 медициналық ұйымдағы 160 000-нан астам медицина қызметкері пайдаланады. Сонымен қатар Damumed пациенттерге арналған мобильді қосымшасына ай сайын 1,2 миллионнан астам Қазақстан азаматы жүгінеді.
ISSAI үшін өз зерттеулеріміз бен технологиялық әзірлемелеріміздің нақты мәселелерді шешуге және Қазақстан халқына практикалық пайда әкелуге көмектесіп жатқанын көру өте маңызды. Отандық AI модельдерін денсаулық сақтау саласында қолдану күнделікті өмірді жақсартатын практикалық шешімдер жасауға және еліміздің одан әрі цифрлық трансформациясын қолдауға деген ұстанымымызды көрсетеді.
