2026 жылғы 25 қарашада Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) мен Есептеу және жасанды интеллект мектебі (SCAI) Мақсұт Нәрікбаев университетінің (MNU) делегациясын қабылдады. Сапар барысында қонақтар ISSAI мен SCAI-дың жасанды интеллект, робототехника және басқа да сабақтас бағыттар бойынша зерттеу қызметімен, жүзеге асырылып жатқан жобаларымен және технологиялық әзірлемелерімен танысты.
Делегация құрамында MNU Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалымжан Құдайбергенов, MNU провосты Анар Ибраева және зерттеулер, инновациялар мен жасанды интеллект жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Пен болды.
ISSAI атқарушы директоры Ербол Абсалямов институттың зерттеу бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы таныстырылым жасады. Ал SCAI әкімшілік мәселелер жөніндегі бас маманы Дана Маханова мектептің қызметі мен бастамалары туралы баяндады.
Сапар аясында делегация робототехника және компьютерлік көру зертханаларын аралап, Автономды робототехника және мехатроника жүйелері (ARMS) зертханасының қызметіне ерекше назар аударды. SCAI қауымдастырылған профессорлары Алмас Шынтеміров пен Микеле Фольгерайтер қонақтарды зертханалардың ғылыми бағыттары мен жобаларымен таныстырды. ARMS зертханасының жетекшісі, SCAI ассистент-профессоры Азамат Ешмұхаметов және ISSAI постдокторант-зерттеушісі Гурав Могер робототехника мен интеллектуалды жүйелер саласындағы зертхананың ағымдағы жұмыстары мен әзірлемелерін таныстырды.
Қонақтар сондай-ақ Назарбаев Университетінің студенттік инженерлік BULAN командасымен кездесіп, команда әзірлеген дрон прототипімен танысты. 2026 жылғы тамызда BULAN командасы Гонконгта өткен халықаралық ABU Robocon жарысында Қазақстан атынан қатысып, Mabuchi Motor Award марапатына ие болды.
Сапар ғылыми зерттеулер мен инновациялар саласындағы тәжірибе және көзқарас алмасуға, сондай-ақ екі университет арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді. ISSAI мен MNU жасанды интеллект және сабақтас салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және академиялық ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірді.