Жаңалықтар

cover

18 Наурыз 2022

ISSAI «Наурыз кездесулеріне» қатысты

2022 жылдың 17 наурызында ISSAI ғылыми қызметкері және Назарбаев Университеті Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің докторанты Жанат Махатаева «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған «Наурыз кездесулері» іс-шарасына баяндамашы ретінде қатысты.

«Наурыз кездесулері» – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту, оларды ғылымға тарту және білімдерін тереңдету мақсатында жыл сайын өткізетін іс-шара. Биыл іс-шара онлайн өтті.

Жанат Махатаева өзінің «ExoMem – толықтырылған шыңдық (AR) және жасанды интеллект (AI) көмегімен адам жадын арттыру жүйесі» деп аталатын зерттеу тақырыбына презентация жасады. Жанат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемдегі әрбір төртінші адам когнитивтік бұзылулардан зардап шегетінін атап өтті. Әдетте, адамның ақпаратты өңдеуі сенсорлық жадта басталады, содан кейін жұмыс жадына, соңында ұзақ мерзімді жадқа өтеді. Адамның жұмыс жады өте маңызды, өйткені ол ақпарат пен оқу процестерін өңдеу үшін қолданылады, бірақ оның мүмкіндіктері шектеулі. Демек, адамдар когнитивтік жүктемеге ұшырайды. Жүктемені азайту үшін адамдарға көмекші технологиялар мен жүйелер қажет.

Бұл мәселені шешу үшін Жанат өзінің зерттеулерінде адамның жадын жақсартатын «ExoMem» жүйесін ойлап тапты. Жүйе екі бөліктен тұрады: қоршаған ортадан ақпарат алатын Microsoft HoloLens 2 ақылды көзілдірігі (сенсорлық жад функциясы) және есептеулерді орындайтын және жұмыс жады ретінде қызмет ететін жасанды интеллект модулі. Көзілдірік адамға тағылған кезде, жүйе адамның орналасқан жерін, сондай-ақ адам көзілдірік арқылы көретін заттарды автоматты түрде анықтайды және бұл ақпаратты жүйеде сақтайды. Жүйені қолданғаннан кейін, адам бұл ақпаратқа қол жеткізе алады, онда ол өзінің жүріп өткен бағытын және жолда көрген заттарын көре алады. Өткен маршруты мен көрген заттар жүйеде бөлек түспен белгіленеді. Осылайша, «ExoMem» пайдаланушыларына әр көрген заттың орналасқан жерін және өткен бағытын есте сақтаудың қажеті жоқ, өйткені адам жүйені қолданған кезде бұл ақпарат автоматты түрде жүйеде сақталады, және кейін адам ол ақпараттқа қол жеткізе алады.

Жоба нәтижелері, сонымен қатар, «ExoMem» қолданған кезде жалпы психикалық жүктеме төмендегенін, есте сақтау функциясының өнімділігі жоғарылағанын және есте сақтау қателерінің жиілігі төмен болғанын көрсетті.

«Мен «Наурыз кездесулерінде» өз зерттеулерім туралы айтуға мүмкіндік берілгеніне өте ризамын. Менің ойымша, бұл мектеп оқушылары үшін жаңа ақпарат алуға, ғылымның түрлі салалары туралы білуге және болашақта ғалым болу үшін жақын болуға мүмкіндік беретін тамаша іс – шара», – дейді Жанат.