2025 жылғы 30 қыркүйекте Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) Huawei Kazakhstan компаниясының делегациясын қабылдады. Кездесудің басты мақсаты — Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық инновацияларды дамыту бағытындағы стратегиялық әріптестікті талқылау болды.
Huawei делегациясын мемлекеттік бизнес жөніндегі директор Линь Цзяньчэн басқарды. Құрамында сондай-ақ: мемлекеттік секторға арналған шешімдер директоры Лю Юхуа, денсаулық сақтау саласының өкілі Линь Тинъюй, шешімдер жөніндегі маман Батырхан Әбдрешев, деректер орталығы шешімдері департаментінің директоры Лю Дэнхуа, және бұлтты қызметтер жөніндегі директор Ван Боюэ болды.
ISSAI тарапынан кездесуге институттың негізін қалаушы және директоры доктор Хусейн Атақан Варол, атқарушы директор Ербол Абсалямов және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі менеджер Алаидар Әмірсеит қатысты.
Кездесу барысында тараптар жасанды интеллект саласындағы зерттеу және деректер инфрақұрылымын дамыту бағыттарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. ISSAI мен Huawei өкілдері Қазақстанның цифрлық экожүйесін нығайту мақсатында жергілікті жасанды интеллект шешімдерін әзірлеудің және әріптестік қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Бұл сапар ISSAI институтының өңірдегі академиялық орта, өнеркәсіп және жаһандық технологиялық компаниялар арасындағы ынтымақтастықты дамытатын жетекші алаң ретіндегі рөлін тағы да айқындады.
Huawei Kazakhstan — Huawei Technologies компаниясының Қазақстандағы еншілес ұйымы. Компания 1998 жылдан бері елде жұмыс істейді және осы уақыт ішінде телекоммуникация, бұлтты қызметтер мен цифрлық трансформация салаларында үкімет, өнеркәсіп және бизнес секторларына арналған заманауи шешімдер ұсынып, Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласын дамытудағы маңызды серіктеске айналды.