2025 жылғы 10 желтоқсан – Астана – Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) Назарбаев Университетінің Бас Залында ISSAI Momentum іс-шарасын өткізді. Іс-шараға үкімет өкілдері, академиялық орта, IT-компаниялар, үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар және дипломатиялық миссиялардан 150-ден астам беделді қонақ қатысты. Шара барысында қазақстандық мамандар әзірлеген соңғы жасанды интеллект (ЖИ) жетістіктері таныстырылып, Қазақстанның техникалық тәуелсіздікке, тілдік инклюзияға және мәдени сәйкестікке деген ұмтылысы көрсетілді.
ISSAI келесі буындағы Қазақстанға арналған ЖИ өнімдерін таныстырды:
- Oylan 3 – мәтін, сөйлеу және суреттерді өңдейтін көпмодальді ЖИ құралы. Қазақ (сонымен қатар, латын қарпінде), орыс және ағылшын тілдерін қолдайды; веб-іздеу, күрделі логикалық ойлау және Retrieval-Augmented Generation (RAG) арқылы контекстке сәйкес дәл жауап береді.
- MangiSoz 3 – 11 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай, араб, француз, испан, қырғыз, өзбек, әзірбайжан) сөйлеуді тану, синтездеу, Optical Character Recognition (OCR) және аударма жасауға арналған кешенді жүйе. Сондай-ақ, экспрессивті дауыс генерациясын қолдайды.
- TilSync 2 – іс-шаралар мен таратылымдарға арналған жаңа буындағы тікелей аударма платформасы. QR код арқылы нақты уақыттағы аударма, аударма тарихы, macOS қолдауы және екі ағынды субтитр жүйесі (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) бар.
- Beynele 2 – қазақи нақыштағы мәдени мәліметтер бойынша оқытылған көптілді сурет генерациялау жүйесі. Көп суретті шартты генерация мүмкіндігі қосылып, қазақ эстетикасы мен ұлттық ерекшелігін ескерген фотореалистік композиция жасауға мүмкіндік береді.
- Mangitas 02 – барлық ISSAI модельдерін жабық желіде орналастыруға арналған қауіпсіз, бұлтсыз ЖИ сервері, құпиялылықты сақтап, корпоративтік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді.
Бағдарлама аясында тікелей демонстрациялар, сұрақ-жауап сессиялары және ЖИ модельдерін нақты қолдану мысалдары көрсетілді.
Назарбаев Университетінің Президенті, Вакар Ахмад, іс-шараны ашып, институттың Назарбаев Университетінің халықаралық беделін арттыруға және Times Higher Education (THE) рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол: “ISSAI Momentum сияқты іс-шаралар университеттердің маңыздылығын көрсетеді. Мұнда идеялар сынақтан өтеді, ынтымақтастық дамиды және ғылым адамдарға қызмет етеді,” – деді.
ISSAI-дың негізін қалаушы директор Хусейн Атакан Варол Қазақстанға арналған генеративті ЖИ экожүйесін құру жолын айтып өтті: “Бүгін біз генеративті ЖИ толық кешенін Қазақстанның ұлттық қажеттіліктеріне бейімдеп ұсынамыз. Біздің зерттеушілеріміз Қазақстанның зияткерлік әлеуетінің жаһандық деңгейде бәсекелесе алатынын дәлелдейді,” – деді.
Өнім және сыртқы істер бойынша директордың орынбасары Амина Байкенова ұлттық мәдениет пен құндылықтарды ескеретін ЖИ модельдерін құрудың маңыздылығын атап өтті: “Біздің ЖИ тек код қана емес – ол біздің мұрамыз, тіліміз, және бірегейлігіміз. Oylan және Beynele Қазақстанға цифрлық тәуелсіздік берсе, MangiSoz бен TilSync коммуникациялық тосқауылдарды жояды,” – деді.
Деректер талдаушысы Рахат Мейрамов Oylan, MangiSoz және Beynele демонстрациясын көрсетіп, олардың көпмодальді мүмкіндіктерін, экспрессивті сөйлеу генерациясын, нақты уақыттағы аудармасын және құжатқа негізделген RAG іздеуін көрсетті. Ол қатысушыларды ISSAI Playground-ында тәжірибе жасауға шақырып, кері байланыс берудің маңыздылығын атап өтті: “Бұл модельдер біздің мамандардың, сапалы деректер мен есептеу ресурстарының арқасында дүниеге келді. Біз барлық қолданушыларды оларды сынап көруге, тәжірибе жасауға және кері байланыс беруге шақырамыз,” – деді.
ISSAI Momentum зерттеушілер, үкімет өкілдері, салалық көшбасшылар және халықаралық серіктестер арасындағы диалогты нығайта отырып, институттың ашықтық пен ынтымақтастыққа деген ұмтылысын көрсетті. Институт өз ЖИ өнімдері туралы жыл сайынғы жаңартуларды жариялайтынын хабарлады, бұл барлық мүдделі тараптармен ашықтық пен байланыс орнатуға бағытталған.
ISSAI Momentum іс-шарасы Қазақстанның жергілікті ЖИ инновацияларының орталығы ретіндегі рөлін растады. Толық генеративті ЖИ стекі, қауіпсіз серверлік шешімдер және мәдени тұрғыдан бейімделген технологиялар арқылы ISSAI жасанды интеллекттің ұлттық мүдделерге қызмет етуін, қолжетімді, инклюзивті және қауіпсіз болуын қамтамасыз етуде.