Бүгін Әзербайжан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссия төрағасының орынбасары Сакин Джабаров Назарбаев Университетіне сапары аясында Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтына (ISSAI) барды. Онымен бірге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев және Назарбаев Университетінің интернационалдандыру департаментінің менеджері Айгерім Баймуқан қатысты.
ISSAI тарапынан кездесуге өнімдер және сыртқы байланыстар жөніндегі директордың міндетін атқарушы Амина Байкенова, мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі менеджер Алайдар Әмірсейт және сыртқы байланыстар жөніндегі аға менеджер Айгерім Сарсенова қатысты. Сапар барысында Алайдар Әмірсейт ISSAI қызметін таныстырып, институттың миссиясы, негізгі зерттеу бағыттары және жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы баяндады.
Сондай-ақ Mangisoz 3.0 платформасы қазіргі уақытта 11 тілді, соның ішінде әзербайжан тілін де қолдайтыны атап өтілді. Делегацияға ISSAI әзірлеген өнімдер мен шешімдердің демонстрациялары көрсетілді. Сакин Джабаров институттың жұмысы оған оң әсер қалдырғанын атап өтті.