Жаңалықтар

cover

22 Мая, 2026 г.

ISSAI Erasmus+ бағдарламасының жоғары білім берудегі жасанды интеллект жөніндегі өңірлік конференциясына қатысты

Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) 2026 жылғы 21–22 мамырда өткен Erasmus+ бағдарламасының «Жоғары білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбындағы өңірлік ақпараттық іс-шарасы мен конференциясына қатысты. Іс-шараны Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еуропалық білім және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттіктің (EACEA) қолдауымен ұйымдастырды.

Конференцияға министрліктердің өкілдері, университет ректорлары мен проректорлары, оқытушылар, әкімшілік және басқару қызметкерлері, зерттеушілер, Жоғары білім реформасы бойынша сарапшылар тобының (HERE) мүшелері, сондай-ақ Орталық Азияның басқа да елдерінен, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстаннан келген өкілдер қатысты.

Конференция Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту және оны жоғары білім беру жүйесіне енгізу перспективалары туралы баяндамасымен, сондай-ақ Еуропалық одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкичтің сөз сөйлеуімен ашылды.

Конференцияның алғашқы күні Орталық Азиядағы Erasmus+ бағдарламасына және өңір университеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларына арналды. Екінші күннің бағдарламасында жоғары білім беруде жасанды интеллектіні қолдану, заманауи сын-қатерлер жағдайында AI саласында кадрлар даярлау, сондай-ақ жасанды интеллектіні этикалық тұрғыдан пайдалану мәселелері қарастырылды.

ISSAI Қазақстанның әртүрлі қалаларындағы университеттермен және халықаралық университеттердің филиалдарымен бірге Erasmus+ және AI Projects Exhibition көрмесіне қатысты. Институт атынан ISSAI атқарушы директоры Ербол Абсалямов, сыртқы байланыстар жөніндегі аға менеджер Айгерім Сәрсенова, сыртқы байланыстар жөніндегі менеджер Ұлжан Әлібек және QA-тестер Димаш Омаров қатысты.

ISSAI өкілдері Институттың өнімдерін, ғылыми-зерттеу жобаларын, білім беру бастамаларын, сондай-ақ Қазақстанның AI-инфрақұрылымын дамытуға қосып отырған үлесін таныстырды. Көрмеге қатысушылар ISSAI қызметіне үлкен қызығушылық танытып, іс-шара университеттермен жаңа байланыстар орнатуға және әлеуетті ынтымақтастық бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.

Конференция Орталық Азия елдерінің білім беру ұйымдары, зерттеушілер, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқа да мүдделі тараптар арасында жоғары білім берудегі жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Сондай-ақ жоғары білім беру саясаты мен тәжірибесіне AI технологияларын жауапты және этикалық тұрғыдан енгізу бойынша ұсынымдар мен стратегияларды әзірлеуге, сонымен қатар Болон процесінің негізгі қағидаттары мен құндылықтарын сақтауға ерекше назар аударылды.

Orientation: 1
« of 6 »