Жаңалықтар

cover

5 Маусым, 2026 ж.

OpenAI өкілдері Назарбаев Университетіне келіп, ЖИ және білім беру мәселелерін талқылады

2026 жылғы 4 маусымда OpenAI өкілдері Назарбаев Университетіне келіп, жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулерді, білім беруді, сондай-ақ AI-дың экономика мен қоғамның болашағына ықпалын талқылады. Сапар аясында университет басшылығымен кездесулер және OpenAI Экономикалық зерттеулер тобының өкілі Рэйчел Браунның қонақ дәрісі ұйымдастырылды.

4 маусымда Назарбаев Университеті жасанды интеллекттің әртүрлі елдер мен салаларда қолданылуын, сондай-ақ оның экономикалық өсуге, еңбек өнімділігіне, еңбек нарығына және мемлекеттік саясатқа ықпалын зерттейтін Рэйчел Браунды қабылдады.

Сапар Назарбаев Университетінің вице-президенті Асель Уәлиева және ISSAI бас директоры, Есептеу техникасы және жасанды интеллект мектебінің (SCAI) алғашқы деканы Хусейн Атакан Варол өткізген кампус экскурсиясынан басталды. Кейін Рэйчел Браун Назарбаев Университетінің басшылығымен кездесті. Кездесуге проректор Рехан Садик, академиялық жоспарлау және бюджет жөніндегі проректор Айда Сагинтаева, ғылыми-зерттеу қызметі жөніндегі проректор Бьорн Биргиссон, Жоғары бизнес мектебінің деканы Йоп Конингс және ақпараттық технологиялар жөніндегі директор Аскар Боранбаев қатысты.

Кездесуден кейін Рэйчел Браун Назарбаев Университетінің студенттері, оқытушылары, қызметкерлері және түлектеріне арналған «Қазақстан ChatGPT-ті қалай қолданады және экономиканың болашағы қандай?» атты қонақ дәрісін өткізді. Дәріс барысында ол AI-ды жаһандық деңгейде енгізудің негізгі үрдістері туралы айтып, жасанды интеллекттің экономикаға, еңбек өнімділігіне, адами капиталды дамытуға және мемлекеттік саясатқа тигізетін трансформациялық әсерін талқылады.

Бұл кездесулер ISSAI-дың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулерді, білім беруді және инновацияларды ілгерілетуге деген ұстанымын көрсетеді. Жетекші халықаралық ұйымдармен серіктестік орнату арқылы ISSAI Қазақстанның AI экожүйесін дамытуға және жасанды интеллект технологияларын қоғамның түрлі салаларына жауапты түрде енгізуге өз үлесін қосуды жалғастыруда.

« of 4 »