14 тамызда Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) мектеп оқушыларының қолжазба дәптерлерін автоматты түрде тексеріп, бағалауға арналған платформа әзірлеп жатқан AIQalam EdTech стартапының негізін қалаушы Ілияс Қабденді қабылдады.
ISSAI тарапынан кездесуге Өнімдер және сыртқы байланыстар жөніндегі директордың міндетін атқарушы Амина Байкенова және Сыртқы байланыстар жөніндегі менеджер Улжан Алибек қатысты.
Кездесу барысында Ілияс Қабден AIQalam платформасын таныстырып, оның мүмкіндіктерін көрсетті және платформаны Астана мектептеріне одан әрі енгізу жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар қатысушылар AIQalam мен ISSAI арасындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Талқылау барысында платформаны ISSAI әзірлеген Qolda модельдерін интеграциялау арқылы одан әрі жетілдіру мүмкіндігі қарастырылды. Qolda — жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымына тәуелді болмай, ноутбуктер мен смартфондарда тікелей тиімді жұмыс істеуге арналған, ашық бастапқы коды бар мультимодальды жасанды интеллект модельдерінің отбасы.
Qolda флагмандық моделі — 4 миллиард параметрден тұратын, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қолдайтын тілдік-көру моделі. Ол кескін мен мәтінді сәйкестендіру, құжаттарды талдау және визуалды сұрақтарға жауап беру арқылы мультимодальды пайымдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Qolda модельдер тобына сонымен қатар қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудио, кескін және мәтінді өңдей алатын 5B, 9B және 34B параметрлі ашық бастапқы кодты аудио-көру-тіл модельдерінің сериясы — Qolda-AVL кіреді. Qolda-AVL — аудионы өңдеу мүмкіндігі бар алғашқы ашық бастапқы кодты қазақтілді модель.
Qolda модельдері PTF (2024–2026) гранты аясында жүзеге асырылған «Қазақ тілінің қолданысын қамтамасыз ету және технологиялық прогресті арттыру үшін үлкен тілдік модельді (LLM) құру» жобасы бойынша әзірленді. Модельдердің бастапқы коды ашық және оларды ISSAI-дың Hugging Face аккаунты арқылы қолжетімді. Бұл зерттеушілер мен әзірлеушілерге модельдерді зерттеп, жаңа қосымшаларға интеграциялауға мүмкіндік береді.
Кездесу жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен EdTech индустриясы арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін көрсетті. Жергілікті жерде әзірленген ЖИ технологияларын интеграциялау Қазақстан мектептеріне арналған білім беру шешімдерін жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашады.