Жаңалықтар

cover

14 Қыркүйек, 2026 ж.

ISSAI мен SCAI математика және жасанды интеллект бойынша алғашқы халықаралық конференция мен семинар өткізді

2026 жылғы 9-11 қыркүйек аралығында Nazarbayev University-дің Есептеу техникасы және жасанды интеллект мектебі (SCAI) мен Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) математика және жасанды интеллект бойынша алғашқы халықаралық конференция мен семинарды бірлесіп өткізді.

Конференцияны ISSAI бас директоры әрі SCAI деканы доктор Атакан Варол және SCAI зерттеулер және инновациялар жөніндегі декан орынбасары доктор Дурвудхан Сураган бірлесіп басқарды. Конференцияның ресми ашылуында Nazarbayev University президенті доктор Вакар Ахмад сөз сөйлеп, Қазақстаннан және шетелден келген қатысушыларға құттықтауын білдірді.

Үш күнге созылған іс-шара зерттеушілер, математиктер, деректер ғылымы мамандары және жасанды интеллект саласының сарапшылары үшін білім алмасуға, сондай-ақ математика, жасанды интеллект, машиналық оқыту және деректер ғылымының тоғысындағы мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Конференцияға Astana IT University, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, Kyoto University of Advanced Science, SDU University, Heriot-Watt International Faculty, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, University of Manchester және басқа да академиялық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты.

Профессор Махмұд Сәдібеков бастаған Математика және математикалық модельдеу институтының делегациясы да конференцияға қатысып, академиялық бағдарламаға өз үлесін қосты және математика мен жасанды интеллект салаларындағы зерттеу қауымдастықтары арасындағы өзара байланысты дамытуға ықпал етті.

Конференция бағдарламасы жеті пленарлық баяндаманы, 24 секциялық баяндаманы және төрт практикалық семинарды қамтыды. Пленарлық баяндамалармен профессор Петер Рихтарик (KAUST, Сауд Арабиясы), профессор Чон Чхоль Йе (KAIST, Оңтүстік Корея), профессор Энрике Суаcуа (Фридрих-Александр атындағы Эрланген-Нюрнберг университеті, Германия), профессор Бохён Хан (Сеул ұлттық университеті, Оңтүстік Корея), профессор Рүстем Таханов (Nazarbayev University, Қазақстан), профессор Амир Мосави (Обуда университеті; Янош Шелле университеті, Венгрия/Словакия) және профессор Женісбек Асылбеков (Purdue University Fort Wayne, АҚШ) сөз сөйледі.

Практикалық сессияларды Владимир Альбрехт (ISSAI), доктор Әділет Өтемісов (Nazarbayev University), Ауесхан Әлібеков (ISSAI) және Ақылбек Мақсұтов (ISSAI) жүргізді.

Конференция барысында қатысушылар жасанды интеллект пен математика салаларындағы соңғы жетістіктерді, машиналық оқытудағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ зерттеулер мен пәнаралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.

ISSAI іс-шараға үлес қосқан барлық спикерлерге, қатысушыларға және ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдіреді. Nazarbayev University-де ғылыми қауымдастық өкілдерін қабылдау біз үшін үлкен мәртебе болды. Алдағы іс-шараларда баршаңызды қайта қарсы алуды асыға күтеміз.

« of 12 »