Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) өнім және сыртқы байланыстар жөніндегі директор орынбасарының міндетін атқарушы Амина Байкенова 24–25 қыркүйекте Астанада өткен ЮНИСЕФ-тің «Қазақстан – 2035: жасанды интеллект, балалар және болашақ ұрпақ» атты ұлттық форсайт сессиясына AI сарапшысы әрі академиялық және ғылыми-зерттеу қауымдастығының өкілі ретінде қатысты.
Екі күнге созылған сессияға мемлекеттік органдардың, бизнес, академиялық орта, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары қатысып, жасанды интеллекттің 2035 жылға қарай Қазақстанның дамуына ықпалы, әсіресе оның балалар мен болашақ ұрпаққа әсері талқыланды. Форсайт нәтижелері мен сессия қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар кейіннен Қазақстан Республикасының Президентіне таныстырылды.
Жұмыс тобының құрамында Амина Байкенова «Самұрық-Қазына» АҚ-ның цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Абылайхан Оспановпен және Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Гүлмира Қарауловамен бірге Қазақстандағы AI дамуының ықтимал бағыттарын қарастырды.
Сессия барысында топ Қазақстандағы AI болашағына қатысты төрт ықтимал сценарийді талқылап, олардың әрқайсысына байланысты мүмкіндіктерді, сын-қатерлер мен басымдықтарды қарастырды.
Талқылауларда AI инфрақұрылымы мен технологияларына тең қолжетімділік, білім беру жүйесінің трансформациясы, инклюзия, деректерді қорғау және AI-ды жауапты дамыту сияқты негізгі мәселелер қамтылды. Болашақтағы AI жүйелері Қазақстанның қай өңірінде немесе қандай жағдайда өмір сүретініне қарамастан, барлық балалар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Сессия сарапшылар мен шешім қабылдаушыларға Қазақстанның AI саласындағы ықтимал даму сценарийлері бойынша пікір алмасып, халықаралық технологияларға, ғылыми зерттеулерге және серіктестікке ашық бола отырып, елдің өз мүмкіндіктерін қалай дамытуға болатынын талқылауға мүмкіндік берді.