Жаңалықтар

cover

16 Қараша, 2026

Жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білім: Шымкентте халықаралық форум өтті

2026 жылғы 16 қарашада Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) әкімшілік директоры Ғибрат Құрманов Қазақстанның Шымкент қаласында Ж.Тәшенев университетінің ұйымдастыруымен өткен «Болашақ университеті: жасанды интеллект дәуіріндегі көшбасшылық, зерттеу және білім беру» атты халықаралық форумға қатысты.

Форумға 9 елден — Қазақстан, АҚШ, Иордания, Болгария, Ресей, Қырғызстан, Нидерланд, Франция және Португалиядан 14 жоғары оқу орнының өкілдері, зерттеушілер мен халықаралық сарапшылар жиналды.

Іс-шара аясында жоғары білім беру жүйесінің трансформациясы, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық академиялық ынтымақтастық мәселелеріне арналған пленарлық отырыстар мен арнайы тақырыптық сессия өтті.

Ғибрат Құрманов жасанды интеллект дәуіріндегі университеттердің өзгеріп жатқан миссиясына арналған пленарлық отырыста сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол Қазақстанның өңірлік университеттеріндегі адами капитал мен ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайту, жергілікті индустриямен ынтымақтастықты кеңейту және ғылыми зерттеулердің практикалық нәтижелерге бағытталуының маңызын атап өтті.

Баяндаманың негізгі тақырыптарының бірі — университеттердің арнайы деректер жиынтығын (dataset) әзірлеу арқылы жасанды интеллектіні дамытуға қосатын үлесі болды. Ғибрат Құрманов бұл бағытта тек техникалық университеттер ғана емес, медицина, гуманитарлық ғылымдар, өнер және басқа да мамандандырылған бағыттағы жоғары оқу орындары өз салалық білімдері мен тәжірибесін пайдалана отырып, AI технологияларын дамытуға қажетті сапалы деректерді дайындауға үлес қоса алатынын атап өтті.

«Болашақ университеті: тәжірибелер мен шешімдер» атты арнайы тақырыптық сессия барысында Ғибрат Құрманов ISSAI институтының ғылыми қызметімен, негізгі жетістіктерімен және Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын дамытуға қосқан үлесімен таныстырды. Баяндамада институт әзірлеген KazLLM, Oylan, MangiSoz, TilSync, ISSAI Voice Studio және Qolda* сияқты инновациялық жобалар таныстырылып, нақты уақыт режиміндегі аударма, жасанды интеллект көмегімен дауысты дубляждау және мультимодальды AI технологиялары бойынша практикалық демонстрациялар өткізілді.

Форум қатысушылары институттың ғылыми қызметі, халықаралық серіктестіктері және білім беру бастамалары туралы да ақпарат алды. Олардың қатарында тәжірибелі зерттеушілердің жетекшілігімен мектеп оқушылары мен университет студенттерін ғылыми жобаларға тартуға бағытталған Summer Research Program (SRP) жазғы зерттеу бағдарламасы да таныстырылды.

Халықаралық форум әртүрлі елдердің университеттері арасында білім мен тәжірибе алмасуға, жоғары білім беру саласындағы жасанды интеллекттің болашағын талқылауға және халықаралық академиялық әрі ғылыми серіктестікті нығайтуға мүмкіндік берді.

ISSAI институтының форумға қатысуы отандық AI технологияларын дамыту, зерттеушілердің жаңа буынын қалыптастыру және Қазақстандағы ғылыми ұйымдар, университеттер мен индустрия арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын көрсетті.

Qolda моделі — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясындағы BR24993001 гранты бойынша ISSAI институты әзірлеген модель. Консорциум құрамына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ, жетекші ұйым), ISSAI, «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ақпараттық және есептеу технологиялары институты кіреді.

« ‹ of 4 › »