2025 жылғы 8 мамырда Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) Ковентри университетінің (Ұлыбритания) ғылыми жұмыс және академиялық байланыстар жөніндегі проректордың орынбасары, доктор Елена Гаурамен онлайн-кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты — жасанды интеллект саласындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылау.
Кездесуге ISSAI-дың бас директоры доктор Хүсейн Атакан Варол, деректер талдау сарапшысы Рүстем Ешпанов, заңгер Даулет Әлиев және сыртқы байланыстар жөніндегі аға менеджер Айгерім Сарсенова қатысты. ISSAI атынан Айгерім институттың басты миссиясы, инфрақұрылымы және негізгі жобалары туралы толыққанды презентация жасады. Атап айтқанда, ISSAI KAZ-LLM және Oylan — көру мен тілді біріктіретін алғашқы қазақстандық үлгісі таныстырылды. Сонымен қатар, ISSAI-дің алғашқы коммерциялық өнімі — сөйлеуді нақты уақыт режимінде тану және аударуға арналған көптілді жасанды интеллект платформасы SoyleApp қосымшасы көрсетілді.
Доктор Елена Гаура Ковентри университетінің жасанды интеллект саласындағы зерттеу бастамаларымен таныстырып, этикалық жасанды интеллект, білім беру және ірі жүйелерге бағытталған халықаралық серіктестікке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.
Презентациялардан кейін доктор Гаура мен профессор Атакан Варол бірлескен зерттеу мүмкіндіктері бойынша қызу пікірталас жүргізді. Екі тарап та ынтымақтастыққа зор қызығушылық білдіріп, маусым айында бірлескен зерттеулер мен академиялық алмасудың нақты бағыттарын айқындау үшін семинар мен кейінгі кездесулер өткізуді келісіп шешті.
ISSAI жасанды интеллект саласындағы озық технологияларды дамыту және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту миссиясына сай Ковентри университетімен жемісті әріптестік орнатуға ниетті.