Жаңалықтар

cover

13 Мамыр 2025 ж.

ISSAI ғылыми ынтымақтастықты талқылау мақсатында Цинхуа университетінің профессорымен кездесу өткізді

Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) Цинхуа университетінің Шэньчжэньдегі Халықаралық магистратура мектебінің доценті, профессор Пэйу Цинмен кездесу өткізді. Профессор Цин биомедициналық инженерия саласына маманданған. Оның зерттеу бағыттарына кескіндерді визуализациялау жүйелерін әзірлеу, медициналық диагноз бен болжам жасауда жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ дәстүрлі қытай медицинасын заманауи технологиялармен біріктіру жатады.

Кездесудің мақсаты – ортақ қызығушылық тудыратын салаларда ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу болды. ISSAI тарапынан кездесуге институттың негізін қалаушы және директоры профессор Атакан Варол, Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің доценті доктор Мэй-Ен Чан және сыртқы байланыстар жөніндегі аға менеджер Айгерім Сарсенова қатысты.

Айгерім Сарсенова ISSAI-дың миссиясы, зерттеу бағыттары және соңғы жетістіктері туралы жалпы таныстырылым жасады. Профессор Мэй-Ен Чан өз кезегінде қазіргі таңда жүзеге асырып жатқан «Орталық Азия асханасына бейімделген терең оқыту мен деректерге негізделген әдістерді қолдану арқылы тағам суреттерін тануды жетілдіру» атты ғылыми жобасы жайлы ақпаратпен бөлісті.

Кездесу барысында биомедициналық жасанды интеллект, интеллектуалды диагностикалық жүйелер және өңірге тән медициналық шешімдер салаларында бірлескен бастамалар туралы қызықты пікір алмасу өтті. ISSAI денсаулық сақтау саласындағы интеллектуалды жүйелер бойынша халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және жемісті серіктестік орнатуға ниетті.