2025 жылғы 1 қазанда Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) Meta Platforms Inc. компаниясының делегациясын жасанды интеллект саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталған ресми кездесу аясында қарсы алды.
Meta делегациясының құрамында: Сарим Азиз — мемлекеттік саясат жөніндегі директор; Сенура Абейвардена — Орталық Азия, Моңғолия, Шри-Ланка және Мальдив аралдары бойынша мемлекеттік саясат бөлімінің жетекшісі; Аврора Ли — Гонконг, Тайвань және Орталық Азиядағы мемлекеттік және әлеуметтік бастамалар жөніндегі жетекші; сондай-ақ Ерасыл Қалихан — Орталық Азия мен Моңғолия бойынша аймақтық мемлекеттік саясат менеджері болды.
ISSAI тарапынан кездесуге институттың бас директоры доктор Хусейн Атакан Варол, атқарушы директор Ербол Абсалямов, мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі менеджер Алайдар Әмірсеит, және өнімдер мен сыртқы байланыстар жөніндегі директордың міндетін атқарушы Амина Байкенова қатысты.
Бұл сапар жыл басында басталған диалогтың жалғасы ретінде өтті және жасанды интеллект саласындағы зерттеу, инновация және жаһандық технологиялық көшбасшылар мен Қазақстанның ЖИ экожүйесі арасындағы серіктестікті нығайтудағы ортақ мүдделерді айқындады.
Meta — әлемдегі жетекші технологиялық компаниялардың бірі. Ол Facebook, Instagram және WhatsApp сияқты платформаларымен, сондай-ақ жасанды интеллект, виртуалды және толықтырылған шындық (VR және AR) салаларындағы озық әзірлемелерімен танымал.