Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) озық интеллектіні баршаға шынайы қолжетімді етуге арналған жаңа open-source ықшам тілдік-көру моделі – Qolda іске қосылғанын хабарлайды.
Бүгінде DeepSeek, KazLLM және Oylan секілді озық генеративті ЖИ модельдері, әдетте, суперкомпьютер деңгейіндегі инфрақұрылымды қажет етеді, сондықтан олар көпшілік пайдаланушылар үшін қолжетімсіз болып қалады. Qolda бұл жағдайды өзгертеді. 4 миллиард параметрі бар Qolda қуатты мультимодалды пайымдауды қамтамасыз ете отырып, ноутбук секілді шағын әрі қолжетімді құрылғыларда жұмыс істеуге жеткілікті жеңіл болып қала береді.
ISSAI Qolda қауіпсіздік пен этикалық стандарттарды қатаң ұстанады. Ол технологияны жауапты пайдалануды қолдайды, қорлайтын немесе орынсыз тілді қолданбайды және қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін сұраныстарға жауап беруден бас тартады. Бұл ISSAI-дің пайдаланушылар мен қауымдастықтарды қорғай отырып, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту миссиясымен үндеседі. Бенчмарк нәтижелері бойынша reasoning режимінде жұмыс істейтін 4 миллиард параметрлі Qolda қазақ және орыс тілдерінде KazLLM-70B моделіне сай келетін бәсекеге қабілетті нәтижелер көрсетеді.
Qolda қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін тілдесе алады және мәтіндік әрі визуалды кіріс деректерін жоғары тиімділікпен өңдейді. Сіз зерттеуші, әзірлеуші, студент немесе шағын бизнес иесі болсаңыз да, Qolda нақты өмірдегі міндеттерді шешуге, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және инновацияға шабыт беруге арналған.
ISSAI ашық әрі қолжетімді ЖИ қағидаттарына бейілділігін жалғастырып, Qolda моделін жаһандық қауымдастыққа ұсынуда. Модель мен оны орналастыруға арналған құралдар қазір Hugging Face пен GitHub платформаларында қолжетімді:
- Hugging Face model page: huggingface.co/issai/Qolda
- GitHub deployment repo: github.com/IS2AI/Qolda-deployment
Бұл жоба Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен консорциум аясында жүзеге асырылған «Қазақ тілін және технологиялық прогресті қолдауға арналған үлкен тілдік модельді (LLM) құру» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы шеңберінде әзірленді.
Qolda мүмкіндіктерінің барлығын практикалық мысалдармен көрсететін толық демонстрацияны осы видеодан көре аласыз: video.
Ал бөлек видеода Qolda моделін жеке ноутбукке орнату бойынша қадамдық нұсқаулық берілген: video.