2026 жылғы 17 маусымда Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) жасанды интеллект, ғылыми зерттеулер және жоғары білім беру салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау мақсатында Cardiff University делегациясын қабылдады.
Делегация құрамында Cardiff University президенті және вице-канцлері доктор Венди Ларнер, Cardiff University Kazakhstan проректоры доктор Рональд Фогдт, Cardiff University ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры және Physical Sciences and Engineering колледжінің басшысы доктор Гэвин Шаддик, сондай-ақ Cardiff University Kazakhstan операциялық директоры Маржан Кабдульшарипова болды.
ISSAI атынан Институттың Бас директоры және Назарбаев Университетінің Есептеу технологиялары және жасанды интеллект мектебінің (NU SCAI) алғашқы деканы доктор Хусейн Атакан Варол, аға Деректер талдаушысы доктор Жанат Махатава, сыртқы байланыстар жөніндегі аға менеджер Айгерім Сәрсенова және сыртқы байланыстар жөніндегі менеджер Ұлжан Әлібек қатысты.
Сапар ISSAI-дың зерттеу қызметін таныстырған Ұлжан Әлібектің презентациясынан басталды. Ол Институттың негізгі ғылыми-зерттеу бағыттарына тоқталып, ISSAI мен NU SCAI-дың Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді, білім беруді және инновацияларды дамыту бағытындағы бірлескен жұмысы туралы айтып өтті.
Кездесу барысында қатысушылар Cardiff University Kazakhstan-ның академиялық даму тұжырымдамасын талқылады. Атап айтқанда, жасанды интеллект, компьютерлік ғылымдар, математика, робототехника және Data Science бағыттарын қамтитын пәнаралық тәсіл, сондай-ақ Қазақстанда жаңа білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын дамыту жоспарлары қарастырылды.
Сонымен қатар Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесінің қарқынды дамуы, Назарбаев Университетінің AI сауаттылығын арттыруға бағытталған бастамалары және жауапты әрі этикалық жасанды интеллект саласындағы тәжірибе алмасу мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесудің негізгі бағыттарының бірі болашақ ынтымақтастық салаларын анықтау болды. Екі тарап та бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеуге, халықаралық ғылыми консорциумдарға қатысуға және жасанды интеллектті геокеңістіктік технологиялар, денсаулық сақтау және білім беру технологиялары салаларында қолдану бойынша ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірді.
Келесі практикалық қадам ретінде ISSAI мен Cardiff University екі ұйымның зерттеушілерін біріктіретін бірқатар онлайн research matchmaking воркшоптарын ұйымдастыруға келісті. Кездесулер барысында зерттеушілер өздерінің ғылыми жұмыстарын таныстырып, ортақ зерттеу бағыттарын анықтап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылайды.
Кездесу ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға деген ортақ ниетпен қорытындыланды. Бұл серіктестік жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулердің, білім берудің және инновациялардың жоғары деңгейде дамуына, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталатын болады.