Компьютер қазақша мәтінді дыбыстай алады. Бұл ғалымдарымыздың жаңа жобасының арқасында жүзеге асты. Олар қазақ тілінде сөзсинтездеу немесе басқаша айтқанда, қазақ мәтінін дыбыстық сигналға түрлендіру технологиясын жасады. Синтез технологиясы -бұл компьютерге кез-келген қазақша мәтінді адам дауысына өте ұқсас дауыспен оқып шығуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда бұл технология ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін, виртуалды көмекшілерде және қазақша мәтінді дыбыстау қажет болатын қызметтер үшін пайдаланылуы мүмкін. Мұндай технология – компьютердің қазақ мәтінін дыбыстауы қажет ететін интерактивті виртуалды ассистенттер, навигациялық жүйелер, хабарлау жүйелері сияқты көптеген қосымшалардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Технология көзі нашар көретін адамдар үшін де пайдалы болуы мүмкін, ол қазақ мәтінін аудиоға айналдыру арқылы адам мен роботтың өзара іс – қимылын реттеуге мүмкіндік береді”, – дейді ISSAI постдокторанты Ерболат Хасанов, – “біздің жобамыздың басты мақсатының бірі – цифрлық технологияларды қазақшалау. Бұған дейін біз қазақ тілінде осыған ұқсас технологияларды кездестірмедік”.
Ғалымдар бұл технологияны қазақша дұрыс интонация және қарқынмен әйел және ер дауысына салып сөйлейтін екі нұсқасын жасады.
Сөзді синтездеу технологиясының демо-нұсқасын мына сілтеме бойынша көруге болады: https://issai.nu.edu.kz/tts. Сілтеме бойынша ғалымдар жобаның модельдер мен кодымен бөліседі. Олардың көмегімен қызығушылық танытқан кез-келген ұйым не маман қазақ тілінде сөз синтездеу технологиясының негізінде өз жобаларын жүзеге асыра алады.