31 шілде күні Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) 2025 жылғы Жазғы Зерттеу Бағдарламасының (SRP) сәтті аяқталуын атап өтті. Тоғыз аптаға созылған бұл интенсивті зерттеу бағдарламасы Қазақстан мен шет елдерден келген талантты студенттерді біріктірді.
Жабылу рәсімі ISSAI негізін қалаушы және директоры, доктор Хусейн Атакан Варолдың шабыттандыратын құттықтау сөзімен басталды. Ол қатысушыларға олардың қажырлы еңбегі, табандылығы мен институт дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, ISSAI миссиясындағы маңызды рөлдерін атап өтті. Сонымен қатар, академиялық және кәсіби мақсаттарына жетуде сол ынтамен алға жылжи беруге шақырды.
Күннің басты оқиғасы – студенттік жобалардың финалдық презентациясы болды. Әр команда өз жұмыстарының нәтижелерін ұсынып, негізгі қорытындылармен бөлісті және зерттеулерінің жасанды интеллект, робототехника және бағдарламалық жасақтама әзірлеу салаларындағы практикалық маңызын көрсетті.
Сондай-ақ, менторлар сөз сөйлеп, қатысушыларға шын жүректен ризашылықтарын білдірді. Олар студенттердің қызығушылығын, жаңа білімге деген құштарлығын және техникалық тақырыптарды қысқа мерзім ішінде меңгеріп, оларды тәжірибеде тиімді қолдана алғандарын ерекше атап өтті.
Студенттік жобалар тақырыптары:
–«Free Web Service Hosting on HuggingFace for CLI: A Summer Research Program Report», ментор — Рассул Ермагамбетов, команда: Дана Исагұлова, Адам Эрик.
–«EvaluationKit», ментор — Ақылбек Мақұтов, команда: Диана Советова, Ольга Снисаренко, Алемжан Махамбетов, Нұрсұлтан Сагынтай.
–«Көптілді дауыс көмекшісі», ментор — Ануар Арыңгазин, команда: Маруа Элазрак, Мерям Хатиб, Мироншох Иномжонов, Әділет Ерланұлы.
–«Азық-түлік деректер жиынтығын жинау және автоматты тану үшін AI-пайплайн», менторлар — Томирис Рахимжанова мен Айбота Санатбек, команда: Айғаным Қасымбаева, Рамиля Аубакирова, Рахат Жұмабеков, Айжан Атымтай.
–«Қазақ мәдениетіне арналған диффузиялық кескін генерациялау моделі», ментор — Нартай Айқын, команда: Аяулым Қажымқанқызы, Бауыржан Нұржанов, Вячеслав Яблочников, Асхат Саметов.
–«Қазақ тілі үшін шағын тілдік модельді (LLM) нөлден бастап оқыту», ментор — Владимир Альбрехт, команда: Абай Сансызбай, Алар Ақылбеков, Даниал Сұлтанов, Бейбарыс Ыбырайхан.
Биылғы бағдарламаға қатысу үшін 275 өтініш келіп түсті — бұл рекордтық көрсеткіш. Нәтижесінде келесі қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының студенттері таңдалды:
-Назарбаев Университеті
-Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті
-Қазақ-Британ техникалық университеті
-Astana IT University
-Қазақстандағы МГУ филиалы
-Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті
-Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті
-Сүлеймен Демирел Университеті
-М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті
Сонымен қатар, жазғы демалыста шет елдерден келген қазақстандық студенттер де SRP-ке қатысты. Олар оқитын университеттер: KAIST және Yonsei University (Оңтүстік Корея); MBZUAI және Нью-Йорк университеті Абу-Даби кампусы (БАӘ).
Бағдарламаға сондай-ақ келесі шетелдік жоғары оқу орындарының студенттері қатысты:
-New Uzbekistan University (Өзбекстан)
-Al Akhawayn University in Ifrane (Марокко)
-Ұлттық зерттеу университеті — Жоғары экономика мектебі (Ресей)
Бағдарламаның ресми аяқталуын атап өту үшін ISSAI жетекші дата-сайентисті Асқат Күздеуов қатысушыларға сертификаттар табыстап, олардың жетістіктерімен құттықтады.
SRP 2025 бағдарламасын сәтті аяқтаған барлық қатысушыларды шын жүректен құттықтаймыз! ISSAI сіздердің білім жолдарыңыздың бір бөлігі бола алғанына мақтанады және болашақта сіздерді тағылымгер, зерттеуші немесе әріптес ретінде қайта қарсы алуға үміттенеді.