Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) 18 ақпанда Назарбаев Университеті кітапханасында өткен «Жасанды интеллект және оның кітапхана қызметіне әсері» атты семинарға қатысты. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің өкілдері қатысып, жасанды интеллекттің кітапхана қызметтері мен білімді басқарудағы қолданылуын талқылады.
Сессия барысында ISSAI миссиясы мен Қазақстанға арналған тәуелсіз жасанды интеллект шешімдерін дамытудағы стратегиялық бағыты, сондай-ақ институттың негізгі өнімдері таныстырылды: Oylan — Қазақстандағы алғашқы Vision Language Model және Mangisoz — мәтінді сөйлеуге айналдыратын аударма жүйесі (text-to-speech). Бұл өнімдердің мультимодальды талдау, құжаттарды түсіну, оптикалық символдарды тану (OCR) және қазақ тілін өңдеу мүмкіндіктері көрсетілді. Семинар қатысушылары өнімдерді қолдану, енгізу және этика мәселелері бойынша сұрақтар қойып, өнімдерді тәжірибеде сынап көрді.
ISSAI сыртқы байланыстар бойынша аға менеджері Айгерім Сарсенова институт жұмысы туралы айтып, аталмыш жасанды интеллект шешімдері кітапханаларды цифрландыруға және білімді басқару жүйелерін дамытуға қалай көмектесе алатынын атап өтті.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі сапалы жергілікті деректердің маңыздылығы болды. Кітапханалар қазақ және басқа тілдердегі маңызды қорларға ие, және олардың жүйелі түрде цифрландырылуы қазақ тіліндегі деректердің жетіспеушілігін азайтуға мүмкіндік береді. Халықаралық мысал ретінде Барселона суперкомпьютер орталығының Ұлттық кітапхана веб-архивтері негізінде әзірлеген MarIA моделі келтірілді, бұл ғылыми мекемелер мен кітапханалардың ынтымақтастығы тілдің цифрлық қатысуын күшейтетінін көрсетеді.
Семинар ISSAI мен кітапхана мекемелерінің Қазақстандағы цифрлық білім инфрақұрылымын дамыту және қазақ тіліндегі контенттің жаһандық көрінісін кеңейту үшін өзара әрекеттесуінің маңыздылығын көрсетті.