Жаңалықтар

cover

3 Маусым 2026 ж.

ISSAI және IMC Krems бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін онлайн воркшоп аясында талқылады

2026 жылғы мамыр айында IMC University of Applied Sciences Krems өкілдерінің Назарбаев Университеті мен Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтына (ISSAI) жасаған сәтті сапарынан кейін екі ұйым арасындағы диалог 2026 жылғы 3 маусымда өткен онлайн ғылыми воркшоп аясында жалғасты.

Воркшоп екі ұйымның зерттеушілеріне өздерінің ағымдағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын таныстыруға, тәжірибе алмасуға және жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа технологиялар салаларындағы болашақ ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.

Іс-шараны ISSAI-дың сыртқы байланыстар жөніндегі аға менеджері Айгерім Сарсенова модерациялады. ISSAI қызметі туралы кіріспе сөз сөйлеп, жалпы шолу жасаған Институттың атқарушы директоры Ербол Абсалямов болды. ISSAI тарапынан постдокторанттар доктор Айнұр Жайхан мен доктор Гурав Могер, жетекші деректер талдаушысы Аскат Куздеуов және деректер талдаушысы Владимир Альбрехт жасанды интеллект, робототехника, компьютерлік көру, сөйлеу технологиялары және интеллектуалды жүйелер бағыттарындағы бірқатар ғылыми жобаларды таныстырды.

IMC University of Applied Sciences Krems атынан Цифрландыру институтының директоры доктор Дипак Дхунгана, сондай-ақ Цифрландыру және информатика институтының профессорлары доктор Рубен Руис-Торрубиано мен доктор Чибузор Удоку қатысты. IMC командасы жасанды интеллект, цифрлық трансформация, интеллектуалды жүйелер, құпиялылықты қорғау технологиялары, цифрлық денсаулық сақтау, оңтайландыру және сенімді жасанды интеллект бағыттарындағы зерттеулерін таныстырды.

Воркшоп бағдарламасы екі ұйымның зерттеу топтары мен жүзеге асырылып жатқан жобаларының таныстырылымдарын қамтыды. Презентациялардан кейін бірлескен ғылыми-зерттеу бастамалары, академиялық ынтымақтастық және халықаралық жобаларды әзірлеудің перспективалы бағыттарын анықтауға арналған brainstorming сессиясы өтті.

Талқылау барысында екі ұйымның ғылыми құзыреттері бірін-бірі толықтыратыны анықталып, жасанды интеллект, робототехника, цифрландыру, адамға бағытталған технологиялар және жауапты AI жүйелері салаларында ынтымақтастықтың бірқатар перспективалы бағыттары белгіленді. Қатысушылар сондай-ақ бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеу, зерттеу жобаларына өтінімдер дайындау және зерттеушілермен алмасу мүмкіндіктерін талқылады.

Воркшоп қорытындысы бойынша ISSAI және IMC Krems ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қызығушылық білдіріп, нақты бірлескен жобаларды талқылауды жалғастыруға келісті.

Онлайн воркшоп Қазақстан мен Австрия арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтудағы тағы бір маңызды қадам болып, инновациялар мен жасанды интеллект саласында ұзақ мерзімді халықаралық серіктестік орнатуға берік негіз қалыптастырды.