Жаңалықтар

cover

28 Маусым, 2026 ж.

ISSAI заң кеңесшісі Дәулет Әлиев АҚШ-тың жасанды интеллектті басқару жөніндегі халықаралық көшбасшылық бағдарламасына қатысты

2026 жылғы 7–28 маусым аралығында Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) заң кеңесшісі Дәулет Әлиев «Жасанды интеллект: АҚШ-тың реттеу және жаһандық ынтымақтастық тәсілдері» тақырыбындағы International Visitor Leadership Program (IVLP) халықаралық бағдарламасына қатысты.

Үш апталық бағдарлама әртүрлі елдердің мамандарын біріктіріп, АҚШ-тың жасанды интеллектті басқару, реттеу, киберқауіпсіздік және инновациялар саласындағы тәсілдерін зерделеуге мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында қатысушылар Вашингтон қаласына, Луисвиллге (Кентукки штаты), Финикске (Аризона штаты) және Далласқа (Техас штаты) барып, мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен, заң шығарушылармен, академиялық қауымдастықпен, технологиялық компаниялармен және мемлекеттік саясат сарапшыларымен кездесті.

Бағдарлама барысында Дәулет жасанды интеллект саласындағы заңнама, жауапты AI, киберқауіпсіздік және мемлекеттік секторда жасанды интеллектті қолдану мәселелеріне арналған талқылауларға қатысты. Бағдарламаның маңызды кездесулерінің қатарында Аризона штаты Өкілдер палатасының мүшелері Ник Куппер және Джастин Уилметпен кездесу болды. Олар AI-ды заңнамалық тұрғыдан реттеу тәсілдері жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісті.

Сонымен қатар, PayPal компаниясының бұлттық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі Principal маманы Сайрус Мусавидің жетекшілігімен киберқауіпсіздік бойынша сессия өтті. Гилберт қаласының ақпараттық технологиялар жөніндегі директоры Юджин Мехиамен кездесуде жасанды интеллектті муниципалдық қызметтерге интеграциялау мәселелері талқыланды.

Бағдарлама аясында жасанды интеллектті жауапты түрде енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Далласта Дәулет PwC өкілдері Ассель Калиева және Кэтрин Харпулмен кездесіп, ұйымдарда Responsible AI қағидаттарын практикалық тұрғыда енгізу тәсілдерін талқылады.

Бағдарламаның негізгі нәтижелерінің бірі NIST AI Risk Management Framework жүйесімен танысу болды. Бұл сенімді жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу және енгізу кезінде тәуекелге негізделген тәсілді ұсынатын практикалық құрал болып табылады. Аталған жүйе AI-ға байланысты тәуекелдерді анықтау, бағалау және басқару бойынша құнды ұсынымдар береді, сонымен қатар инновацияларды дамытуға қолдау көрсетеді.

ISSAI жасанды интеллектті басқару және реттеу саласындағы халықаралық үздік тәжірибелерді зерделеуді, сондай-ақ тиісті халықаралық тәсілдер мен құралдарды өзінің ғылыми-зерттеу және сараптамалық бастамаларына енгізу мүмкіндіктерін қарастыруды жалғастырады.

IVLP бағдарламасына қатысу ISSAI-дың жасанды интеллект саясаты мен реттеуі саласындағы халықаралық қауымдастықпен байланысын нығайтып, АҚШ-та AI-ды федералдық, штаттық және жергілікті деңгейлерде басқару тәсілдері туралы құнды тәжірибе алуға мүмкіндік берді. Бағдарлама сондай-ақ жауапты әрі сенімді жасанды интеллект саласында білім алмасу мен болашақ ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

ISSAI осы маңызды кәсіби алмасу бағдарламасын ұйымдастыруға үлес қосқан Қазақстандағы АҚШ Елшілігіне, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Білім беру және мәдени бағдарламалар бюросына (ECA), Cultural Vistas, World Affairs Council of Kentucky and Southern Indiana, Global Ties Arizona және World Affairs Council of Dallas/Fort Worth ұйымдарына шынайы алғысын білдіреді.

« of 7 »