Жаңалықтар

cover

18 Қыркүйек, 2026 ж.

ISSAI NutrIX 2026 конференциясында: тағамтану саласындағы жасанды интеллект бойынша озық зерттеулер

Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) 17–19 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен Интеллектуалды тамақтану және дәлме-дәл денсаулыққа арналған тағам жүйелері жөніндегі 1-ші халықаралық конференцияға (NutrIX 2026) қатысты. Ауқымды іс-шара жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, тамақтану және қоғамдық денсаулық сақтау салаларының тоғысында пікір алмасу үшін деректер ғалымдарын, медицина мамандарын, саясаткерлер мен халықаралық зерттеушілерді бір алаңға жинады.

Конференцияға Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің профессоры Мэй Йен Чан төрағалық етті. Үш күнге созылған іс-шара Пирамидалар кешенінде орналасқан Onergy Creative Hub шығармашылық кеңістігінде өтті. Бірегей алаң өнер, ғылым, тағам мәдениеті мен инновацияны тоғыстыра отырып, конференция қатысушыларына мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Конференцияның ғылыми бағдарламасы аясында оның тең төрағасы, профессор Хусейн Атакан Варол ISSAI мен профессор Мэй Йен Чан жетекшілік ететін Орталық Азиядағы тағам инновациялары зертханасы (Central Asia Food Innovation Laboratory, CAFI) бірлесіп жүргізген зерттеулердің нәтижелерін таныстырды.

«Artificial Intelligence for Food Computing» атты баяндамасында профессор Варол аймақ ерекшеліктерін ескеретін ашық бастапқы кодтағы деректер жиындарын, соның ішінде CAFD, CAFSD және FPB платформаларын, сондай-ақ тағам өнімдерінің жан-жақты цифрлық визуалды атласын әзірлеу жұмыстары туралы айтып берді.

Сондай-ақ ISSAI әзірлеген Qolda және Qolda-AVL меншікті көру-тілдік модельдерінің мүмкіндіктері таныстырылды. Профессор Варол бұл технологиялардың порция көлемін нақты уақыт режимінде бағалауға және пайдаланушы құрылғыларының өзінде бірнеше тілде тамақтануға қатысты кеңес беруге мүмкіндік беретін келесі буын жасанды интеллект модельдері ретіндегі әлеуетін көрсетті.

NutrIX 2026 конференциясына әлемнің жетекші сарапшылары мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Ашылу салтанатында Назарбаев Университетінің президенті, профессор Вакар Ахмад, Назарбаев Университетінің провосты, профессор Рехан Садик және Медицина мектебінің вице-президенті әрі деканы, профессор Хак-Хуи Нг құттықтау сөз сөйледі.

Конференцияның ғылыми бағдарламасы әлемге танымал сарапшылардың баяндамаларымен толықты. Профессор Мартин Кольмайер, профессор Кристофер Дж. Л. Мюррей, профессор Мохсен Нагави, профессор Джузеппе Гроссо және профессор Чим Ланг дәлме-дәл тамақтанудың болашағы мен жаһандық денсаулық көрсеткіштерін бағалаудың заманауи тәсілдері жөніндегі өзекті мәселелерді ортаға салды.

ISSAI және конференцияның ұйымдастыру комитеті осы халықаралық іс-шараның өтуіне көрсеткен маңызды қолдауы үшін төрағасы Саяат Нюсупов бастаған NU Impact Foundation қорына шынайы алғысын білдіреді.

NutrIX 2026 конференциясының жоғары деңгейде өтуіне ISSAI мен CAFI зертханасының студенттері мен зерттеушілері де елеулі үлес қосты. Институт конференцияны дайындау мен өткізуге атсалысқан барлық студенттер мен зерттеушілерге зор ризашылығын білдіреді. Олардың кәсібилігі, жауапкершілігі және қажырлы еңбегі іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына және барлық қатысушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етті.

Бірлескен жұмыс пен ашық ғылыми зерттеулер қағидаттарына берік ұстанымының арқасында ISSAI жасанды интеллектті қоғам игілігіне пайдалану және Қазақстан мен жалпы Орталық Азиядағы технологиялық инновацияларды дамыту миссиясын жалғастырып келеді.

« of 3 »