2026 жылғы 24 қыркүйекте Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) NVIDIA және Astana Hub өкілдерін қабылдады. Сапар барысында жоғары өнімді есептеулер, жасанды интеллект, робототехника, бірлескен зерттеулер және PhD бағдарламалары салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Делегация құрамында NVIDIA Corporation компаниясының Physical AI және робототехника саласындағы стартаптар бағытының басшысы Эран Розенберг, Astana Hub басқарушы директоры Танат Үскембаев және Alem.AI Endowment қорының операциялық директоры Диас Косубаев болды.
Кездесу барысында ISSAI атқарушы директоры Ербол Абсалямов Институттың қызметі, негізгі зерттеу бағыттары және жасанды интеллект пен робототехника саласындағы технологиялық әзірлемелері туралы таныстырды. Таныстырылым барысында ISSAI-дың озық интеллектуалды жүйелерді әзірлеу және ғылыми зерттеулер нәтижелерін практикалық технологиялық шешімдерге айналдыру бағытындағы жұмысына назар аударылды.
Сондай-ақ делегация ISSAI-дың робототехника саласындағы зерттеулерімен танысып, бірнеше инновациялық робототехникалық платформаның жұмысын көрді.
ISSAI постдокторанты Гурав Могер үш робототехникалық жүйені таныстырды. Олардың қатарында дөңгелектерінің диаметрін өзгертуге болатын гибридті мобильді робот Improbability Roller-2, үш еркіндік дәрежесі бар, трос арқылы басқарылатын жұмсақ робототехникалық платформа SoftTri, сондай-ақ нысандардың пішініне бейімделіп, оларды берік ұстай алатын, ұяшық тәрізді құрылымға негізделген роботтандырылған Soft Gripper ұстағышы бар.
Назарбаев Университетінің Есептеу ғылымдары және жасанды интеллект мектебінің ассистент-профессоры, Advanced Robotics and Mechatronics Laboratory зертханасының жетекшісі доктор Азамат Ешмұхаметов зертхананың басқа да ғылыми жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, ол Ziyat оқыту роботтарын, континуум-роботтарды және құбыржолдарды интеллектуалды тексеруге арналған роботтарды көрсетті.
Роботтардың көрсетілімі барысында қатысушылар ISSAI-дың физикалық жасанды интеллект (Physical AI), жұмсақ робототехника, мобильді робототехника және интеллектуалды робототехникалық жүйелер салаларындағы зерттеулерін талқылады. Сонымен қатар халықаралық технологиялық және инновациялық серіктестермен ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары қарастырылды.
ISSAI-ға сапар Назарбаев Университетіндегі кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болды. Бағдарлама аясында NU өкілдерімен кездесулер өткізіліп, Tactile Lab зертханасына бару ұйымдастырылды.
Жетекші технологиялық компаниялармен және Қазақстанның инновациялық экожүйесінің өкілдерімен ынтымақтастықты дамыта отырып, ISSAI халықаралық ғылыми серіктестікті кеңейтуге және Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде жасанды интеллект пен робототехника технологияларын дамытуға өз үлесін қосуды жалғастыруда.