Жаңалықтар

cover

30 Қыркүйек, 2026

ISSAI ТМД елдеріне арналған ITU өңірлік форумында Қазақстанның атынан қатысты

29–30 қыркүйекте Халықаралық электр байланысы одағы (ITU) Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Байланыс қызметімен бірлесіп, ТМД елдеріне арналған «Инклюзивті және тұрақты цифрлық болашақ үшін әмбебап, мәнді және қолжетімді байланыс» тақырыбындағы өңірлік форум өткізді.

Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов Халықаралық электр байланысы одағының Бағдарлама үйлестірушісі Фарид Нахли модераторлық еткен «Цифрлық даму және инновациялар үшін жасанды интеллект» атты сессияға спикер ретінде қатысты. Оның «Өз тілдеріміз үшін AI дамыту: Қазақстан тәжірибесінен өңірлік ынтымақтастыққа дейін» атты баяндамасы ITU тарапынан 2026 жылғы ТМД елдеріне арналған Өңірлік даму форумы аясындағы ресми құжаттардың қатарына енгізілді.

Сессия ITU-дың ТМД елдеріне арналған цифрлық даму және инновациялар үшін жасанды интеллектке бағытталған бесінші өңірлік бастамасын іске асыру мәселелеріне арналды. Өз баяндамасында Ербол Абсалямов Қазақстанның жергілікті және аз қамтылған тілдерге арналған AI технологияларын дамыту тәжірибесін таныстырып, өңірлік ынтымақтастық мүмкіндіктеріне тоқталды.

Баяндамада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын грант аясында ISSAI әзірлеген Qolda AI моделіне ерекше назар аударылды (нысаналы қаржыландыру бағдарламасы BR24993001). Жоба Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жетекшілік ететін консорциум аясында жүзеге асырылуда. Консорциум құрамына ISSAI, «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты кіреді.

Презентация барысында Qolda моделінің салыстырмалы бағалау нәтижелері, соның ішінде Qolda-AVL, модельді әзірлеу үдерісі және оны практикалық қолдану мысалдары таныстырылды. Сондай-ақ баяндамада аз қамтылған тілдерге арналған шағын тілдік модельдер мен AI жүйелерін әзірлеуде өңірлік ынтымақтастықтың маңызы атап өтілді.

Қазақстан атынан Форумның бірнеше сессиясына мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері де қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков бар. Ол Форумның жоғары деңгейдегі ашылу сессиясына қатысты.

Форумның өзге спикерлері мен жоғары лауазымды қатысушылары қатарында Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрінің орынбасары Жамол Махсудов, Global Satellite Operators Association бас директоры Изабель Мауро, Regional Commonwealth in the Field of Communications бас директоры Алексей Бородин және ITU Телекоммуникацияларды дамыту бюросының директоры доктор Космас Лакисон Завазав болды.

Форум Қазақстанның тәжірибесін халықаралық аудиторияға таныстыруға және ТМД өңірінің тілдік әрі цифрлық қажеттіліктеріне бейімделген AI технологияларын дамыту мәселелері бойынша диалогты нығайтуға мүмкіндік берді. ISSAI-дың Qolda жобасы тілге бағытталған AI зерттеулерін дамытуға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға қосып отырған үлесін көрсетті.

« ‹ of 6 › »