2026 жылғы 14–15 қазанда Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) директоры әрі Есептеу техникасы және жасанды интеллект мектебінің (SCAI) деканы, профессор Хусейн Атакан Варол Әзербайжанның Баку қаласындағы ADA университетінде өткен Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану жөніндегі IEEE халықаралық конференциясының 20 жылдық мерейтойына арналған AICT2026 конференциясына қатысты.
Конференцияның негізгі баяндамалар бағдарламасы аясында профессор Варол «Ресурсы шектеулі ортаға арналған генеративті AI модельдерін әзірлеу: деректер жиынтығын дайындау, модельді оқыту және сервисті іске қосу» тақырыбында баяндама жасады. Баяндаманың негізгі бөлігі ISSAI әзірлеген, Қазақстан жағдайына бейімделген Qolda тілдік моделіне арналды. Профессор елдің тілдік және мәдени ерекшеліктерін ескеретін, сондай-ақ Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтуға ықпал ететін жергілікті AI модельдерін әзірлеудің маңызын атап өтті.
Профессор Варол ықшам әрі өңірлік деңгейде әзірленген тілдік модельдердің практикалық AI мүмкіндіктерін ұсынудағы әлеуетіне тоқталды. Мұндай модельдер деректерді сенімді жергілікті ортада өңдеуге мүмкіндік беру арқылы құпия ақпаратты қорғауға да көмектеседі. Сонымен қатар ол жергілікті ерекшеліктерге бейімделген генеративті AI шешімдерін әзірлеудің негізгі кезеңдерін — деректер жиынтығын дайындаудан бастап модельді оқыту мен сервисті іске қосуға дейінгі үдерісті — түсіндірді.
Негізгі баяндамасынан бөлек, профессор Варол «Жоғары білім мен ғылымдағы AI: мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» атты панельдік пікірталасқа қатысты. Талқылау барысында халықаралық сарапшылар жасанды интеллектіні жоғары білім беру мен ғылыми зерттеулерге енгізудің мүмкіндіктері мен өзекті мәселелерін қарастырды.
Панельдік пікірталасқа Польша Ғылым академиясының Теориялық және қолданбалы информатика институтының профессоры Эрoл Геленбе, Джордж Вашингтон университетінің профессоры Тарек Эль-Газави, Турин политехникалық университетінің профессоры Альдо Канова, Кутаиси халықаралық университетінің профессоры Лаша Ефремидзе және ADA университетінің стратегия және даму жөніндегі проректоры, доктор Вафа Каздал қатысты.
ISSAI AICT2026 конференциясын табысты ұйымдастыруға қосқан үлесі мен басшылығы үшін ADA университетінің ректоры әрі конференция төрағасы, профессор Хафиз Пашаевқа және ADA университетінің Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің деканы әрі конференцияның бас тең төрағасы, доктор Абзетдин Адамовқа шынайы алғысын білдіреді.
Сонымен қатар ISSAI халықаралық ғылыми тәжірибе алмасуға, мазмұнды пікірталастарға және академиялық ынтымақтастыққа шабыт беретін орта қалыптастырған ADA университетінің заманауи кампусы мен жоғары деңгейдегі инфрақұрылымын жоғары бағалайды.
*Qolda моделі — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранты аясында әзірленген модель (нысаналы бағдарламалық қаржыландыру — BR24993001). Консорциумды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) басқарады. Оның құрамына ISSAI, «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты кіреді.