2026 жылғы 18 қазанда Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) зерттеушісі әрі Назарбаев Университетінің Есептеу техникасы және жасанды интеллект мектебінің (SCAI) студенті Ғаламмадин Асқар Guinness World Records рекордтар кітабына әлемдегі ең ірі AI хакатоны ретінде енген халықаралық HackAlem AI жасанды интеллект хакатонының телекоммуникация бағыты бойынша жеңімпаз атанды.
Іс-шараға 21 ел мен 129 университеттен 6 586 өтінім түсіп, нәтижесінде 2 415 қатысушы бас қосты.
Ғаламмадин Назарбаев Университетінің магистранты Нұрсұлтан Көбейісіновпен бірге бақ сынады. Олардың PalliPalli командасы Beeline Kazakhstan компаниясына арналған тарифтік маркетингтік науқандардың тиімділігін арттыруға бағытталған AI шешімін әзірледі.
Жоба тарихи деректерді талдап, тарифтік ұсыныстарды клиенттердің шағын топтарында сынақтан өткізеді. Алынған нәтижелер негізінде тиімді маркетингтік науқандар мен коммуникация арналарын ұсынады. Байестік статистикалық оқыту мен оңтайландыру алгоритмдерін біріктіретін шешім тарихи деректердегі белгісіздік факторын ескеріп, қандай ұсыныстарды сынау керектігін және оған қанша клиентті тарту қажеттігін бейімделе отырып анықтайды. Бұл тәсіл маркетингтік науқандардың тиімділігін, деректердің сенімділігін және эксперимент жүргізу шығындарын тең ұстауға мүмкіндік береді.
Хакатон барысында команда жұмыс істейтін прототип әзірледі. Қазіргі уақытта жоба тұжырымдаманың іске асырылу мүмкіндігін дәлелдеу (proof of concept) кезеңінде тұр. Алдағы уақытта оны одан әрі дамыту және ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері бар.
Жетістігі үшін команда 5 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық пен OpenAI платформасының 5 000 АҚШ долларына тең кредиттеріне ие болды. Хакатоннан кейін, 2026 жылғы 23 қазанда Ғаламмадин Асқар мен Нұрсұлтан Көбейісінов NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангпен өткен бейресми сұхбатқа (fireside chat) қатысты.
HackAlem AI хакатоны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Astana Hub, Silkroad Innovation Hub, OpenAI, NVIDIA, Arizona State University және басқа да ұйымдардың серіктестігімен ұйымдастырылды.
ISSAI Ғаламмадин Асқар мен Нұрсұлтан Көбейісіновті жетістіктерімен құттықтайды!