Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) Қазақстандағы екі AI ұйымы арасындағы ынтымақтастықты жолға қоюға арналған кездесу аясында Qazaq AI Research University (QAIRU) жасанды интеллект жөніндегі проректоры Азамат Жұмахметті қабылдады.
ISSAI атынан кездесуге атқарушы директор Ербол Абсалямов, өнімдер және сыртқы байланыстар жөніндегі директордың орынбасары Амина Байкенова, әкімшілік директор Ғибрат Құрманов және сыртқы байланыстар жөніндегі менеджер Ұлжан Әлібек қатысты.
Кездесу ISSAI мен QAIRU арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам болды. Қатысушылар бірлескен AI жобалары, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстары, білім және тәжірибе алмасу, сондай-ақ жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған өзге де бастамаларды қоса алғанда, ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Екі тарап та жасанды интеллект саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, бірлескен күш-жігер мен сараптамалық тәжірибе арқылы AI зерттеулерін ілгерілетуге және ұлттық AI экожүйесін нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.