Бейжің, 2026 жылғы 8 қараша – Жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер, тілдік технологиялар, денсаулық сақтау және білім беру бағыттарындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) Бейжіңде өткізген бірқатар кездесудің басты тақырыбына айналды. Институт делегациясы Digital Intelligence International Development Education Alliance (DI-IDEA) альянсының өкілдерімен және Қытайдың жетекші AI-компанияларының бірі iFLYTEK басшылығымен кездесіп, AI зерттеулерін ілгерілетуге және Қазақстанның қажеттіліктеріне бейімделген шешімдерді әзірлеуге бағытталған әріптестік мүмкіндіктерін талқылады.
Алғашқы кездесу Пекин университетінде өтті. Оған DI-IDEA альянсының бас хатшысы, Пекин университеті провосты кеңсесінің директоры, доктор Сун Хуа және альянс командасының мүшелері қатысты. ISSAI атынан кездесуге аға деректер талдаушысы, доктор Жанат Махатаева, деректер талдаушысы Владимир Альбрехт және атқарушы директор Ербол Абсалямов қатысты.
Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер, зерттеушілер алмасуы және ортақ бастамалар арқылы ұзақ мерзімді академиялық ынтымақтастықтың негізін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ISSAI-дің медициналық AI жобаларына қатысу мүмкіндігіне, қазақ тіліндегі AI технологияларын, әсіресе Qolda* моделін дамытуға, сондай-ақ университет оқытушылары мен студенттерінің AI сауаттылығын арттыруға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Пекин университетімен институционалдық байланыстарды нығайту, оның ішінде өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қою мүмкіндігі қарастырылды.
8 қарашада делегация Бейжіңдегі iFLYTEK компаниясының бас кеңсесіне де барды. Сапар барысында компания өкілдері жасанды интеллект негізінде әзірленген шешімдерінің мүмкіндіктерін таныстырды. iFLYTEK – жасанды интеллект, сөйлеуді тану және табиғи тілді өңдеу технологияларына маманданған, әлем бойынша 16 800-ден астам қызметкері бар Қытайдың ірі технологиялық компанияларының бірі.
Кездесу барысында медицина, тілдік технологиялар, білім беру және ауыл шаруашылығы сияқты бірнеше салада AI шешімдерін тәжірибеде қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Әсіресе қазақ тіліне бейімделген технологияларды, соның ішінде сөйлеуді тану және өңдеу жүйелерін дамытуға басымдық берілді. Кездесудің нақты нәтижесі ретінде тараптар қазақ тіліндегі сөйлеу технологиялары бойынша пилоттық жобаларды іске қосуды ұйғарды. Бұл шешім жергілікті тілдік және технологиялық ортаға бейімделген озық технологияларды зерттеуге жол ашады.
Аталған кездесулер ISSAI институтының халықаралық ғылыми байланыстар желісін кеңейту және әлемдік AI сараптамасын Қазақстанның басым бағыттарымен ұштастыратын әріптестіктер орнату жолындағы тағы бір маңызды қадам болды. Академиялық ынтымақтастық пен индустрия сұранысына негізделген технологиялық әзірлемелерді үйлестіре отырып, ISSAI жергілікті қажеттіліктерге сай AI шешімдерін дамытуға және Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект кеңістігіндегі орнын нығайтуға үлес қосуды көздейді.
* Qolda моделі – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында ISSAI әзірлеген модель (бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру – BR24993001). Консорциум құрамына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (жетекші ұйым), ISSAI, «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ақпараттық және есептеу технологиялары институты кіреді.