Астана, Қазақстан — 2026 жылғы 16 шілде — Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) ISSAI Connect медиа және серіктестерге арналған іс-шарасында Қазақстанда әзірленген жасанды интеллект технологияларын таныстырды. Технологиялар мен шығармашылық тоғысқан Өnergy Hub алаңында өткен шара жергілікті мамандар әзірлеген жасанды интеллект шешімдерінің нақты өмірдегі мәселелерді шешуге, қазақ тілін дамытуға және деректердің құпиялылығын қамтамасыз етуге қалай ықпал ететінін көрсетті.
Іс-шараға журналистер, технологиялық серіктестер, зерттеушілер, мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес қауымдастығы және Назарбаев Университетінің қауымдастығы қатысты. Қонақтарға ISSAI Voice Studio, MangiSoz App, Joldas AI және Qolda шағын тілдік модельдерінің (SLMs) тікелей көрсетілімдері ұсынылды. Сонымен қатар, ISSAI Жазғы зерттеу бағдарламасының қатысушылары әзірлеген жобалар көрмесі ұйымдастырылып, институттың соңғы ғылыми және білім беру бастамаларымен танысуға мүмкіндік берілді.
Іс-шараны ашқан ISSAI-дың негізін қалаушы директор доктор Хүсейін Атакан Варол жергілікті тілдер мен қоғамның қажеттіліктеріне бейімделген жасанды интеллектті дамытудың маңыздылығына тоқталды.
«Жасанды интеллект оны пайдаланатын адамдарды терең түсінгенде ғана өзінің шынайы әлеуетін ашады. ISSAI-дағы басты мақсатымыз – Қазақстанның жасанды интеллект модельдері, өнімдері мен сервистерін жергілікті мамандардың күшімен әзірлеу. Біздің команда әлемдегі озық технологиялық тәжірибелерге сүйене отырып, Қазақстанға тән жасанды интеллект шешімдерін жасап келеді. Қазақстанның тілдік және мәдени ерекшеліктеріне бейімделген әлемдік деңгейдегі ашық технологияларды әзірлеу арқылы біз жаһандық ЖИ экожүйесіне жай ғана қатысып қоймай, оны өз ұстанымымызбен дамытып, бізбен деңгейлес елдер үшін жаңа үлгі қалыптастырып отырмыз».
ISSAI Voice Studio: сөйлеу технологияларының жаңа буыны
ISSAI Connect барысында таныстырылған басты жаңалықтардың бірі — ISSAI Voice Studio платформасы болды. Бұл — ЖИ негізіндегі дубляжды, эмоцияға бай мәтінді дыбыстауды, сөйлеушілерді автоматты ажыратуды және басқа да заманауи сөйлеу технологияларын біріктіретін кешенді шешім.
ISSAI Voice Studio сөйлеушінің дауыс ерекшелігі мен эмоциялық реңкін сақтай отырып автоматты дубляж жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйе табиғи естілетін дауыс синтезін ұсынып, бірнеше адамның сөзін нақты ажыратып, кездесулердің, сұхбаттардың, подкасттардың және конференциялардың құрылымдалған мәтіндік нұсқасын автоматты түрде қалыптастырады.
Көрсетілім барысында журналистер фильм үзіндісінің қазақ тіліне автоматты түрде дубляждалуын тамашалады. Жүйе кейіпкерлердің ерін қимылдарын, дауыс ырғағын және эмоциялық реңкін дәл сақтады. Сонымен қатар, бірнеше адам қатар сөйлеген жағдайда жүйенің әр сөйлеушіні нақты бөліп, жеке мәтін ретінде ұсыну мүмкіндігі көрсетілді. Бұл технологияның медиа өнімдерін әзірдеу, контентті бейімдеу және кәсіби коммуникация салаларындағы әлеуетін айқын көрсетті.
MangiSoz App: тілдік кедергілерді жоятын технология
ISSAI сондай-ақ MangiSoz App көптілді мобильді қосымшасын таныстырды. Қосымша сөйлеуді автоматты түрде тануға, аударуға және мәтінге айналдыруға мүмкіндік береді. Ол күнделікті қарым-қатынасқа, кездесулерге, конференцияларға және халықаралық ынтымақтастыққа арналған.
Қосымшаның негізгі мүмкіндіктерінің бірі — экранды екіге бөліп көрсететін тікелей аударма режимі. Әртүрлі тілде сөйлейтін екі адам әрқайсысы әңгімені өз тіліне аударылған күйде көріп, табиғи түрде сөйлесе алады.
Сонымен қатар, MangiSoz App сөйлесуді автоматты түрде мәтінге айналдырады. Бұл мүмкіндік журналистерге, зерттеушілерге, студенттерге және бизнес өкілдеріне өте қолайлы.
Тікелей көрсетілім барысында қатысушылар екі адамның әртүрлі тілде еркін сөйлесіп, қосымшаның олардың әңгімесін нақты уақыт режимінде аударғанын көрді. Бұл жасанды интеллекттің көптілді қарым-қатынасты айтарлықтай жеңілдете алатынын көрсетті.
Joldas AI: қоршаған ортаны баршаға қолжетімді ету
ISSAI Connect аясында таныстырылған тағы бір шешім — Joldas AI мобильді қосымшасы. Ол көру қабілеті бұзылған және зағип жандарға арналған.
Компьютерлік көру мен сөйлеу технологияларын біріктіретін қосымша смартфон камерасы арқылы қоршаған ортаны қазақ тілінде сипаттап, пайдаланушыға қоғамдық кеңістікте еркінірек қозғалуына көмектеседі.
Joldas AI жол белгілерін таниды, мәтіндерді оқиды, заттарды анықтайды, айналадағы ортаны сипаттайды және барлық ақпаратты табиғи дауыс арқылы жеткізеді.
Тікелей көрсетілім барысында қосымша навигациялық белгілер мен қоғамдық ақпараттық тақтайшаларды дәл танып, пайдаланушылардың күнделікті өмірдегі тәуелсіздігін арттырудағы әлеуетін көрсетті.
Qolda SLMs: интернетсіз жұмыс істейтін қуатты жасанды интеллект
ISSAI сондай-ақ интернетке қосылмай-ақ толық жұмыс істейтін Qolda шағын тілдік модельдер (SLMs) тобын таныстырды.
Qolda Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы «Қазақ тілін қолдау және технологиялық прогресті дамытуға арналған үлкен тілдік модельді (LLM) әзірлеу» жобасы шеңберінде әзірленуде.
Жобаны ISSAI, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп жүзеге асыруда.
Бұлттық сервистерге тәуелді ірі тілдік модельдерден айырмашылығы, Qolda барлық есептеулерді жергілікті құрылғының өзінде орындайды. Бұл ұйымдарға құпия құжаттарды интернетке жібермей өңдеуге мүмкіндік береді және деректердің толық құпиялылығын қамтамасыз етеді.
Qolda қазақ тілі мен жергілікті ерекшеліктерге бейімделген. Сондықтан, ол мемлекеттік органдарға, денсаулық сақтау ұйымдарына, қаржы секторына және құпия ақпаратпен жұмыс істейтін кәсіпорындарға тиімді шешім бола алады.
Көрсетілім барысында интернет байланысы әдейі ажыратылып, соған қарамастан Qolda көлемді құжатты бірнеше секунд ішінде өңдеп, қысқаша мазмұнын жасап берді. Бұл жасанды интеллекттің интернетсіз де толыққанды жұмыс істей алатынын көрсетті.
ISSAI Өнімдер және сыртқы байланыстар жөніндегі директордың орынбасары Әмина Байкенованың айтуынша, таныстырылған барлық технологиялар практикалық қолдануға бағытталған.
«Біздің мақсатымыз – технологияны көрсету үшін емес, нақты мәселелерді шешетін ЖИ өнімдерін әзірлеу. Көру қабілеті бұзылған азаматтарға еркін қозғалуға көмектесу, интернетсіз құпия құжаттарды қауіпсіз өңдеу, көптілді қарым-қатынасты жеңілдету немесе қазақ тіліндегі сапалы медиаконтентті кеңейту болсын, осының барлығы жасанды интеллекттің адамдардың күнделікті өмірін жақсартатын тиімді құралға айнала алатынын көрсетеді».
ISSAI Connect тек технологияларды таныстырумен шектелмей, жасанды интеллект саласындағы болашақ мамандарды даярлауға бағытталған ISSAI қызметін де көрсетті. 2021 жылдан бері институт Қазақстаннан және шетелден келген жоғарғы сынып оқушылары мен университет студенттеріне арналған Жазғы зерттеу бағдарламасын өткізіп келеді.
Биылғы іс-шара барысында бағдарлама қатысушылары ISSAI зерттеушілерінің жетекшілігімен әзірлеген ғылыми прототиптері мен ЖИ жобаларын таныстырды. Қонақтар жас зерттеушілермен тікелей пікір алмасып, Қазақстандағы жасанды интеллекттің болашағын қалыптастырып жатқан жаңа буынмен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара бойы қонақтар интерактивті демонстрациялық аймақтарды аралап, технологияларды өздері сынап көрді, оларды әзірлеген зерттеушілермен және Жазғы зерттеу бағдарламасының қатысушыларымен кездесті.
Қазақстанның тілдік және технологиялық ерекшеліктеріне бейімделген жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу және жаңа буын ЖИ мамандарын даярлау арқылы ISSAI егеменді жасанды интеллектті дамыту миссиясын жалғастырып, әлемдік ғылыми қауымдастыққа ашық технологиялар ұсынуды жалғастыруда.
ISSAI және оның жасанды интеллект технологиялары туралы толығырақ ақпаратты issai.nu.edu.kz сайтынан алуға болады.