Назарбаев Университетінің Есептеу ғылымдары және жасанды интеллект мектебінің деканы, Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) негізін қалаушы директоры, доктор Хусейн Атакан Варол жақында Дубайда өткен MENA Higher Education Leadership Forum (MENA HELF) форумында институт атынан өкілдік етті. Форум институционалдық орнықтылықты, жоғары білім берудің болашағын, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың университеттерге тигізетін трансформациялық ықпалын талқылау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен жоғары оқу орындарының басшыларын, саясатты қалыптастырушыларды және инновациялар саласындағы сарапшыларды біріктірді.
«Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектке негізделген инновацияларды дамыту» (Advancing Digital Transformation and AI-Driven Innovation) тақырыбындағы сессия барысында доктор Варол «Қазақтың үлкен тілдік моделі және одан әрі: Назарбаев Университеті Орталық Азияда егемен генеративті жасанды интеллекттің дамуына қалай жол ашты» (Kazakh Large Language Model and Beyond: How Nazarbayev University Pioneered Sovereign Generative AI in Central Asia) атты кейсті таныстырды. Өз баяндамасында ол Назарбаев Университетінің егемен генеративті жасанды интеллект архитектураларын әзірлеу, жаһандық цифрлық кеңістікте жеткілікті деңгейде ұсынылмаған тілдерге арналған іргелі тілдік модельдерді құру, сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы жасанды интеллектті басқару мен цифрлық инновацияларға арналған институционалдық тетіктерді қалыптастыру бағыттарындағы озық бастамаларына тоқталды.
Профессор Атакан Варол өңірлік тілдік модельдерді дамытуға және Қазақстан жағдайына бейімделген жергілікті шағын тілдік модельдердің маңыздылығына, соның ішінде ISSAI әзірлеген Qolda моделіне тоқталды. Ол жергілікті жасанды интеллект модельдері деректерді сенімді жергілікті ортада өңдеуге мүмкіндік беру арқылы құпия ақпаратты қорғауға ықпал ететінін атап өтті.
Бұл медициналық жазбалармен, ресми құжаттармен және басқа да сезімтал немесе саяси маңызы бар ақпаратпен жұмыс істеу кезінде ерекше маңызды. Мұндай деректерді сыртқы AI жүйелеріне беру цифрлық қауіпсіздікке қосымша тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сонымен қатар профессор әр өңірдің тілдік және технологиялық ерекшеліктеріне бейімделген жасанды интеллект шешімдерін әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
Тақырыптық сессиялармен қатар, форум стратегиялық өзара іс-қимыл мен институционалдық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаңға айналды.
Доктор Варол өңірдегі университет басшыларымен және білім беру саласының өкілдерімен кездесіп, жоғары білім беруді басқару, еңбек нарығының өзгермелі талаптарына сай кадрлар даярлау және ғылыми-зерттеу серіктестігі салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, ол Uni News Letter өкілі Мохамед Хеттинимен студенттерді тартудың заманауи стратегиялары мен білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде ілгерілету мәселелері бойынша жеке кездесу өткізді. Кездесу барысында Назарбаев Университетінің халықаралық деңгейдегі қатысу аясын кеңейту және оның есептеу ғылымдары мен жасанды интеллект саласындағы білім беру бағдарламаларының жаһандық танымалдығын арттырудың инновациялық тәсілдері талқыланды.
* Qolda моделі — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын грант аясында (бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру — BR24993001) ISSAI әзірлеген модель. Жоба консорциумына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (жетекші ұйым), ISSAI, «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы және А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, сондай-ақ Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты кіреді.